Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Құс жастықтардың құпиясы

Олжас Жанайдаров – жас болса да, Ресей драматургиясындағы белгілі есім. Қазақстанның тумасы болғанымен, жеті жасынан Ресейде оқып, білім алған Олжас алғаш қазақстандықтарды «Жұтымен» жалт қаратса, күні кеше Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында «Жастық туралы…» пьесасы қойылды. Ресейдің бірқатар эксперименталды театрларында «Душа подушки» атауымен ұсынылған пьеса жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың аудармасымен «Құс жастықтың құпиясы» атты жаңа жұмыс атауымен сахнаға дайындалған болатын. Бірақ көрерменге «Жастық туралы…» деген атаумен жол тартқанда, спектакль үшін сәтті таңдалмаған, ешқандай мақсат белгілемеген, «Жастық туралы…» деген жауапкершілігі жоқ, тартымсыз атау үшін кімді кінәларымызды білмедік.

Азулылардан азап шегетін қоғамдағы әлсіз топтың шын­дығын көкөністер мен жеміс­терді кейіпкер ете отырып көрсететін Джанни Родаридің «Чипполиносы» сияқты О.Жан­ай­даров та айтпақ болған үлкен ойын кәдімгі жұмсақ жастық­тардың «аузына» салыпты. Иә, иә, пьесада Жанайдаров жастықтарды жап-жақсы сөй­летеді. Тек бақша ішінде өтетін әлеуметтік антогонизм жас драматургтің пьесасында қыс мезгіліндегі балабақшада өтетін қарапайым оқиғамен алмасқан.

Сонымен, бақшадағы бала­лар­дың басына жастанып жүрген жастықтары: Гречик – Қарақұмық (бидай жастық), Пуш – доп-домалақ (құс жастық), Роза (жай құс жастық), Знайка – Білгіш (жай құс жастық), Эм­ма (жай құс жастық), Валик (орта­ша құс жастық), Апатай (жай құс жастық) бәрі де мамық пен қауырсыннан жасалған. Тек бақшаға жаңадан келген бала Кемелдің жастығы Гречиктің ғана тысының ішіне қарақұмық толтырылған.

Спектакльде екі жалғыз жолығысып тұр: бірі өзге жас­тықтар секілді іші мамықпен толтырылмағанына өкініп, аһ ұратын Гречик, ал, екіншісі – мамық пен қауырсыннан жасал­ған жастыққа жатса, танауы мен тамағы жыбырлап, аллергиясы атойлап шыға келетін кішкентай Кемел. Осы ерекшелігі-ақ бұл екеуін өзгелерден оқшаулан­дырып тастаған. Қарақұмық жастығының түбінен титтей тесік пайда болып, ары-бері жүргенде, сол жыртылған же­рі­­нен қарақұмық дәні саулап түсіп жатыр. Жастықты қампайтып тұрған қарақұмық түгел төгілетін болса, гречик жан тапсырмақ. Гречикті бір-ақ сұрақ толғандырады: қарақұмық толтырылған күйімде қалам ба, әлде қауырсын мен мамыққа айырбасталып, басқа өмір кешсем бе? Айтпақшы, мұндағы жастық­тардың бәрі бір-ақ нәр­седен қорқады: ескіріп, жыртылып, тоза бастаса, ол жастық дереу тышқан мен тарақандар жортқан төменжерге (подвалға) жіберіледі. Төменжерге кету – ешкімге керексіз болу деген сөз. Тышқандарға жем болу деген сөз. Ол – тіршілікті тоқтатуға берілген үкім.

dsc_8681Пьеса­ны аударған С.Бал­ғабаев көрерменге түсініктірек болуы үшін «сабан жастық пен құс жастық» дегенді көбірек қолданып, ұлттық танымға мүмкіндігінше жақындатып әкел­­ген. Шынында да, адамға ең жақыны – жастық. Шаршап келіп басын қояды, құшақтап жа­тып көзі ілінеді, кірпігі айқасқанша қалың ойдың құр­сауында жатады, пенде баласына тіс жарып айтпайтын жан сырын көзінің жасын көл қылып үстіне төгеді, тәтті түс көріп қуа­нып оянады, қорқынышты түстен шошынып тұрады. Адам мен жастықтың арасындағы осынша жақындықты сезбегені­мізбен, Олжас жансыз жастық­тың өзегіне дем салып, тірі кейіп­керге айналдырған. Жас дра­матургтің бұл әдеби-көр­кем тәсілі режиссер Сұлтан Сраиловтың интерпретациясында тіпті иі қанып, «адамиланған» жастықтар арасындағы диалогтан қоғамның бүгінгі сұлбасы анық көрінеді. Жіңішке жіппен біріне-бірі байланып-маталған жастықтардың біреуі Төменжерге кетер болса, қауіп бәріне төнгендей, сол тамұққа мәңгі қамалатынын біліп, үрейі ұша бастайды. Қол-аяқты мықтап матап тастаған мына жіпті бырт-бырт үзіп, еркіндікке шыққысы келетін жалғыз Эмма ғана емес. Кейіпкерлердің бәрі де қозғалыссыз, қимылсыз, бір орында отыр. Еркіндік жоқ.

«Байланған» актерлер қоз­ғалыс-әрекетті емес, ішкі пси­­­хологизм тартысын көрсетуді көбірек мақсат еткен. Үрей-қорқынышын кейіп­кер жас­тықтар үнемі терең тол­ғанып, қамығып, жылап жеткізеді. Мысалы, Апатайдың монологы. Жастықтардың ішіндегі кәртемісі, жас күнінде әйнегі сынған терезені бітеймін деп жараланып, сырқатқа шал­дыққан Апатай образы Гүл­жамал Қазақбаеваның амплуасымен толық сәйкестік тапқан: актрисаның құлаққа жағымды қоңыр дауысы «асарын асап, жасарын жасаған» көнетоз жастықтың қуаныштан қажып, күрестен шаршап, ақыры жалғыздығынан рахаттанатын «сен тимесең – мен тимен» күйін дөп басады.

Төрт бұрышы қауырсынмен қапталған Роза да – жалғыз. Жас жаны махаббат аңсаса да, сүйіктісін таба алмаған мұң­ды сұлу екі адамдық төсегі бар, жұбымен бірге тұратын жас­тықтысы бірдей құсжастығы бар, тіпті бірдей түс көретін отбасылы үйде тұруды армандайды. Жанар Мақашева сүйікті болу үшін жаралған, үлбіреген жаны нәзік жас сұлуды «адамнан айнытпай» ойнаған шеберлігі көп көрерменнің көңілінде қалды деп ойлаймыз. Спектакльде әр жастықтың образы – өзінше бір әлем. Әр кейіпкердің айтатын мо­нологы – қасіретке толы өз тағдыры. Бұл монологтарды драматургтің қағаз қолжаз­басынан оқысаң, дәл осындай қызықты болмауы мүмкін, өйткені адамдардың батылы жетіп айта алмайтын шындықты режиссер қуыршақтар тәсілімен жеткізген соң ғана бояу тапқан.

Монолог түрінде көрініс тапса да, жастықтардың тағды­рындағы қатыгездік пен мейі­рімділік көрерменге ақыл айту түрінде емес, жеңіл пішінмен жет­кізгені үлкен шеберлік нәтижесі.
Пьеса діңгегі, оқиғаны өріс­тетуші Гречик – Ербол Са­дыр­баев рөлге сәт­ті таңдалған, қуыр­шақ бейнесіндегі актер өмірде өзінің кім екенін тап басып тани алмаған, болмысын біле алмай қиналатын адамдардың қасіретін сенімді суреттей алды. Әрине, пьесадағы жетекші рөлді Эмма алады. Басқалары зәре-құты қалмай, тозақ секілді көріп қорқатын төменжерді Эмма жұмақ мекеніндей жан-тәнімен жақсы көреді. Өзге жастықтарға ұнамайтын осы кереғарлықты Толқын Нұрбекова суық та қатал болмыспен көрсете алды. Эмманың ақылымен гречик ұжымды емес, жаңа қожайынды таңдап, сонымен қол ұстасып, жаңа өмірін бастауға бет алды.

Спектакльдің жетістігі сол – режиссер әр жастықтың жеке-жеке тағдыры арқылы адам болмысына үңіледі. Ал режиссер мақсатын қызықты құрылған актерлік ансамбль үйлесімді жүзеге асырған. Сұрақ-жауап түріндегі қойылым қуыршақтар әлемі арқылы көрерменді ойға ғана емес, қиялын самғата отырып, адам үшін өзімен өзі оңаша күй кешіп, өмірден мән тауып, жер бетіне адам болып келудегі мақсатын түсінудің қаншалықты маңызды екеніне бойлатады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Ақпарат көзі: https://www.egemen.kz/2017/02/06/98708

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

“Көршілер” телехикаясы ‪#‎ЖібекРахатова‬ ‪#‎ҚуанышТұрдалин‬ ‪#‎Хабартв‬ ‪#‎Театр‬ ‪#‎Кино‬.

admin

ҚОС ДАРЫН

admin

Фестиваль репертуары

admin