Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

ОЛ. ЖАЛҒЫЗ ШЫРАҚ – СОҢҒЫ ҮМІТ

«ОЛ» моноспектаклі… Атауының өзі қызық. Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» психологиялық  драмасы желісімен қойылған спектакль. Мамырдың басында осы спектакльге бардық. Таным-түсінігі, көзқарасы менікіне «антоним» құрбымды ертіп алдым. «Моно» деп тұр ғой демек, бір-ақ адам ойнайды деп іштей дайындалып отырмын. Елу адамға арналған орындық қойылған. Шағын сахна. Үнсіздік. Басталайын деп жатыр. «Тойдың болғанынан боладысы қызық»,-деп.. Қараңғы. Ортада жалғыз шырақ жанып тұр, бейне бір соңғы үміт секілді… Басталды. Қобыздың үнімен оқиғаны сүйемелдеп отырды. Қорқыт қобызының құдіретіне тамсанасың…
«Ол»-актердың, яғни Данияр Базарқұловтың айтуынша: «Бұл қойылымдағы ақынның аты жоқ. «Ол» деп бейнеленеді. Өмірде жолы болмаған ақынның тағдыры да менікіне ұқсайды»… Демек біздің «олымыз» ақын екен. Актердың шеберлігі сонша- мен «Ол» секілділердің көбін көргенмін, көріп жүрмін. Жерге бормен «Шындық» деп жазып, шындықты шаммен іздеп, таппағасын қайта өшіріп тастаған да – Ол еді.. Бұнысымен шындық жоқ дегісі келді ме, әлде?!Мен «Ол» бейнесінен «Оларды» таныдым…
ОЛ
Фәни жалған жеңетінін,
Ұғынбады, сезбеді.
Қайда барса көретіні –
Қорқыт емес, өз көрі…
Ол – Қобыздың қасіретті,
Әуеніне  «биледі».
Нәзік жанын осып өтті,
Тіршіліктің күйбеңі.
Ол – шарқ ұрып іздеген-ді,
Іздеп еді шындықты.
Болмаңызшы сіз кедергі,
(Біздің қоғам кімді ұқты?!)
Ол – бақытты болмақ еді,
Түсінде һәм өңінде.
Оңай оған жол бар ме еді,
Жететұғын өмірде?!
Ол – қаламын түннен алды,
Жыр жазам деп аспанға.
Болу үшін күнмен мәңгі,
Қадамын нық басты алға..
Ұмтылды Ол жарқын күнге,
Нұр төгетін ұдайы.
Бұл өмірде әркімнің де –
Бар екен бір Құдайы!
P.S:
Я,Жаратқан,
Өлшеп берген бар сынақты,
Бар күнәні кешірген.
Сөндірсе де Ол шырақты,
Өз отын еш өшірме..! Солай… Ол манағы жалғыз үміт секілді жалғыз шырақты«Құрысын бәрі, мұнша таусылатын мен сонша Асанқайғы ма едім?!»,- деді де өз қолымен сөндіре салды. Өз отыңды өшірме!
Әлия ІҢКӘРБЕК

Ақпарат көзі: http://alauinform.com/2085

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театр менің бірінші үйім

admin

Close up fashion portrait, happy new year.

admin

Актриса Раиса Мұхамедиярова қайтыс болды

admin