Балнұр АХМЕТ
Сағыну, аңсау, қуану… Бұл шуақты сезімдер кезінде күн санап хат күткен, апта сайын хат жазған жастарға жақсы таныс. Сезім сырлары мен ғашықтық жырлары ақтарылған ақ парақтар сүйгендердің сезімін жалғаған ақ қанатты аққуларға айналған. Хат ғашықтардың жүрегінің лүпілін, тамырының бүлкілін бір-біріне тыңдатқан. Хат сағыныштан сарғайған ғашық жүректі сезіммен суарған, сағыныштан солған ғашық жүректерді жақындатқан. Ғашықтардың арасында ашылған сезімнің ақ гүліне айналған хат екі жастың сырға толы сезім әлемін аралатқан. Махаббат хаттары – сезім парақтары, жүрек сырлары. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған драматург Альберт Гернидің «Махаббат хаттары» атты драмасын тамашалаған өнерсүйер қауым екі ғашықтың жүрегіндегі, міне, осындай сезім парақтарын ақтарғандай керемет күй кешті. Сүйген жандардың махаббат хикаясы жайнаған жастық шағын көрерменнің көз алдына келтірді. Сезіммен өрілген махаббат хаты жұртшылықтың жүрегіне махаббат отын салды.
Қос ғашықтың тағдырын махаббат хаттары арқылы көрерменге баяндаған қойылым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты актриса Тынышкүл Сұлтанбердиеваның мерейтойлық бенефисіне орай сахналанды. Спектакльдің басты кейіпкерлерін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Т.Сұлтанбердиева мен Қ.Қуандықов сомдады. Бала кезінен бірге өскен Мелисса мен Энди өмір бойы бір-бірімен хат жазысып өтеді. Хат арқылы бір-бірімен сыр бөлісіп, өздерінің өмірге деген көзқарастарын білдіреді. Тағдыр олардың жолдарын айырып, бірге болуды жазбаса да олар хат арқылы бір-біріне рухани байланысты болады. Отбасын құрып, балалы-шағалы болса да олар 40 жылға жуық хат алысып тұрады. Осылайша жылдар бойы бір-біріне жазған хаттары арқылы олардың сыйластық сезімдеріне сызат түспейді. «Энди, маған жиі-жиі хат жазып тұршы. Сенің даусыңды естудің жалғыз амалы сол» дейді бір хатында Мелисса. Дәулетті әулеттен шықса да, Мелисса өмірден өз орнын, өз бақытын таба алмай өтеді. Тұрмыс құрып, екі қыздың анасы атанса да, ол үнемі өзін іштей рухани жалғыз сезінеді. Басындағы байлығы оған бақыт әкелмейді. Аналық құқығынан айрылған ол жан жарасын ащы сумен жазбақ болып, ауруханаға түседі. Рухани жалғыздық оның көңілін кеміреді. Кейіннен Мелисса әлеуметтік жағдайы орташа әулеттен шығып, мансабының арқасында сенатор атанған Эндимен жасырын кездесіп жүреді. Алайда, бала кезден бірге өскен олар арада 40 жыл өткен соң ғана бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімдерін түсінеді. 40 жыл бойы жазған хаттары екі ғашықтың махаббатының ескірмес естелігі болып сақталып қалады. Міне, осы оқиға қос кейіпкердің бір-біріне жазған хаттары арқылы өте әсерлі баяндалады. Ғашықтардың тағдырымен таныстырған театрдың талантты актерлерінің кәсіби шеберлігіне көрермен қауым орындарынан тұрып қошемет көрсетті.
Спектакль соңында театр директоры Сәбит Әбдіқалықов Тынышкүл Сұлтанбердиеваға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Құттықтау хатын тапсырды.
«Құрметті Тынышкүл Берікбайқызы! Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің театр өнеріне сіңірген ұлан-ғайыр еңбегіңізді бүгінгі өнерсүйер қауым ерекше құрметтейді. Актер болуды армандаған жас шәкірттер өзіңіз ойнаған рөлдер мен шынайы сомдаған бейнелерден, өнер құдыретіне деген ізденіс пен шеберлігіңізден мол тағылым алуда. Түрлі жанрдағы спектакльдерде сан-қилы мінез-құлықтағы кейіпкерлер бейнесін шебер сомдап, нағыз шынайы талант иесі екеніңізді көрсете білдіңіз. Сіздің сахна төрінде қырық жылға таяу уақытта сомдаған жүздеген рөлдеріңіз өзіндік ерекшелігімен, қайталанбас шеберлігімен еліміздің театр өнерінің тарихына алтын әріппен жазылды. Осынау айтулы күнмен өзіңізді тағы да құттықтай отырып, деніңізге саулық, қажымас қайрат, шығармашылығыңызға толағай табыстар тілеймін!» делінген министрдің Құттықтау хатында.
Құшағы гүлге, көңілі қуанышқа толған Тынышкүл Сұлтанбердиева қойылым туралы былайша ой бөлісті:
– Кейіпкерімнің ішкі жандүниесін көрерменге жеткізу оңай болған жоқ. Мелисса мен Энди бала кезінен бірге өсті. Сондықтан, қойылымда сол кейіпкерлерге айналып, баланың қылықтары мен қимыл-қозғалыстарын жасау қажет болды. Мәскеуде білім алып келген жас режиссеріміз Жұлдызбек Жұманбайдың көмегімен осындай қойылымды дүниеге әкелдік. Жан тебірентер бұл спектакльдің жастарға беретін тәлім-тәрбиелік маңызы зор. Кейіпкерімнің қателіктерін қайталамаңдар, сезімдеріңді сақтаңдар, бір-біріңді сыйлаңдар деп барша қыз-келіншектерге айтқым келеді. Бұл рөлдің бұрын сомдаған кейіпкерлерімнен айырмашылығы көп. Мен мұндай рөлде бұрын ойнаған емеспін. Бұл рөл әртүрлі қырларымен, сырларымен, жан күйзелістерімен маған қызық болды. Студент кезімізде біз де құрбы-құрдастарымызбен хат арқылы жан тебіреністерімізді жеткізіп, сырларымызды айтатын едік. Хат жазу, хат алудың кереметін қазіргі жастар білмейтіні өкінішті, – дейді ол.
Айта кетерлігі, белгілі актриса Тынышкүл Сұлтанбердиева Жастар театрында 1993 жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді. Ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясында – Баян, Мақпал, «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Ақтоқты, Ш.Аймановтың «Желсіз түнде жарық ай» драмасында – Ана, Иран-Ғайыптың «Желжуан» трагикомедиясында – Бәйек, М.Әуезовтің «Ай-Қарагөз» трагедиясында – Текті, Б.Мұқайдың «Шындық детекторы» трагикомедиясында – Нұрия бейнесін сомдаған.
Ақпарат көзі: http://almaty-akshamy.kz/2016/04/22/хат-жазудың-кереметін-қазіргі-жастар/