Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында Абайдың жастық шағы туралы «Телғара» спектаклі көрерменге жол тартты.
Премьераны қойған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Хаджиев. Қоюшы суретшісі – Серік Омаров. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!» дейді Абай. Біз оның әлемін түсініп, ғибратына толық қаныға алдық па? Азғындаған өмір. Тобырлық сана. Осының бәрі Абайдың ерте есеюіне сеп болды. Оны есейткен кімдер еді? Әрине, өз ортасы. Абайдың таусылмайтын әлемін суреттеуге тырысқан спектакльдің негізгі айтар ойы да – осы.
Абай рөлін ойнаған жас актер Ернат Күншібаев өзінің кейіпкері туралы: «Телғара» спектаклі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының желісінде дайындалды. Мұндағы кейіпкерлердің барлығы дерлік өз бейнесін аша білген. Абай, Құнанбай, Сүйіндіктің ой-толғаныстарын дәл суреттеуге тырысты. Мұның бәрі – режиссердің сәтті жұмысының нәтижесі. Менің спектакльдегі кейіпкерім – 13 жастағы бала. Телғара – апасының еркелетіп қойған аты. Жеңгелері де осылай атайды. Әжесі Зере оны Абай дейді. Оқудан оралған он үш жастағы Абайдың қамсыз, мұңсыз кезі. Осы тұста ғой оның әкесі – Құнанбайдың қатал жазасын көзбен көретіні. Қатыгездікті көріп, көңіліне ауыр алған жас бала өзгереді. Дала заңына бағынған халықтың мынадай жазасын көргендіктен, оның жан-дүниесі қатты өзгеріске ұшырайды. Осы сәттен бастап, Абай Фирдоуси, Науаидың өлеңдерін оқып-біліп, дүниені өзгеше көзқараспен тани бастайды. Абайдың өзгергенін, ой-толғанысы қалыптасқанын білген әкесі оны ел ішіндегі саяси оқиғаларға араластырады. Мұның бәрі оның дүниені өзгеше тануына, елдің арасындағы оқиғаларға жіті назар аудара бастауына, өзіндік көзқарасының қалыптасуына алып келді. Оның бәрін жүрегінен өткізіп, ерекше пайымдайды. Менің кейіпкерім осындай дара болмыс иесі» дейді.
Спектакльде негізгі кейіпкердің бірі – Құнанбай бейнесі. Құнанбай образы ұзақ жылдар бойы жасырын келді. Оның өзгеше болмысын көрсету актерге оңай болмаған секілді. Құнанбай рөлінде театрдың белді актерлерінің бірі Руслан Ахметов ойнады.
– Құнанбайды ойнау маған оңай болған жоқ. Бұған дейін де Құнанбайдың бірнеше сахналық нұсқасы болды. Солардың бірнешеуін қарап шықтым. Олардың кейбірін сахнада салып та көрдім. Бірақ олардың бәрі менің көңілімдегі Құнанбай болған жоқ. Режиссер Құнанбайды қазақтың Иван Грозныйы деп санайды. Сондықтан ондай әйгілі тұлғаны сахнада алып шығу – тіптен күрделі. Режиссердің ойынан шығуы үшін оның талаптарын орындауға тырыстым.
– «Құнанбай» фильміндегі Досхан Жолжақсыновтың Құнанбайын көрдіңіз бе?
– Қарап шықтым. Екеуінің болмысы екі бөлек. Бұл спектакль «Абай жолы» роман-эпопеясының желісінде қойылып отыр. Бұған дейін Құнанбайды сахнада Тұңғышбай Жаманқұлов та сомдаған. Айта кететін бір жайт, менің Құнанбайымның болмыс-бітімі бөлек. Көрермен мұны режиссер Жанат Хаджиев пен Руслан Ахметовтың Құнанбайы деп қабылдауы керек.
Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ
Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/news/show/22657-tekt_tu_an_tel_ara_