Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Мекеме жаңалықтары

Гүлбаһрам Байбосынова: “Мен егіздің сыңарымын”

Қайырлы күн, Гүлбаһрам! “Қара шаңырақ” телехиясының тұрақты көрермендері мен Мassaget.kz сайтының оқырмандары сүйікті Алтынай келіндерінің (Алтынай – “Қара шаңырақ” телехикаясындағы Мәдидің жары, сол үйдің кіші келіні) өмірімен және өнерімен жақынырақ танысқысы келеді. Алдымен өзіңіз туралы біліп алсақ.

– Жезқазған қаласының тумасымын. Жезқазғанда №13 қазақ-орыс орта мектебін тәмамдадым. Содан соң Алматы қаласына келіп Т. Жүргенов атындағы Өнер Академиясына оқуға түстім. Осы оқу ордасында 4 курстық білім алып, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа тұрдым. Отбасымызда жеті баламыз. Бәрі шетінен өнерлі. Біреу білсе, біреу білмес: мен егіздің сыңарымын. Менің өнер саласына түк қатысы жоқ Гүлбарам Байбосынова атты сыңарым бар.

11032015_2

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Гүлбаһрамның сыңары – Гүлбарам

Гүлбарам Астана қаласында тұрады. Мамандығы – психолог. Сонымен қатар, ол – бір отбасының отанасы. Менің отбасым жайлы айтылғанда көбі Қайрат Байбосыновтың маған қандай қатысы бар екендігін білуге құмар. Сіз де осы сұрақты қоймас бұрын өзім айтып үлгерейін. Әнші Қайрат Байбосынов – менің әкемнің туған ағасы.

 – ”Қара шаңыраққа” қалай тап болдыңыз?

– 2014 жылдың 15 қаңтарында біздің театрда жаңа жылдық кеш өтті. Сол күні кешірек маған “Қазақфильм” киностудиясынан хабарласып, келіннің рөліне шақырды. Кастингте көп әртістер болды. Өзімді көрсту үшін қолыма арнайы мәтін берді. Бір уақытта іріктеуге Дәурен Серғазин де келіп кірді. Екі күннен соң маған “Қазақфильмнен” хабарласып, Алтынайдың рөліне бекітілгенімді айтып қуантты. Қуанышымда шек болмады. Осылай бәрі басталып кетті.

11032015_3

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Гүлбаһрамның “Қара шаңырақтағы” отбасы

– Түсірілім кезінде сізге не қиын болды?

– Шынымда айтсам, бұл рөл мен үшін қатты қиын болған жоқ. Оңай да болмады. Түсірілімге сәл-пәл ұйқым қанбай барған күндерімді санамағанда маған бұл рөл жеңіл соққан сияқты. Иә, мен тұрмысқа шықпағанмын. Сонда да маған әйелдің тұрмысы таныс. Өз әпкелерімнен және тұрмысқа шыққан құрбыларымнан тәжірбие алғанмын. Тіпті әпкелерімнің балаларын да бақтым. Әйел адамның образын мен үйден де көремін. Осының бәрі менің анамның тәрбиесі деп ойлаймын. Міне, осылай бар жиған-тергенімді телехикаяға салған жайым бар.

11032015_4

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

“Қара шаңырақ” телехикаясындағы Алтынай мен жолдасы Мәди (Дәурен Серғазин)

– “Қара шаңырақ” телехикаясындағы Алтынай образы сізге не бере алды? Алтынайдан не үйрендіңіз?

– Алтынай рөлінде ойнау арқылы аз болса да келіндік өмірге дайындық жасаған сияқтымын. Әйткенмен, бұл тек кино туынды ғана. «Әке – үйдің тірегі, ана – үйдің жүрегі» дейді ғой. Менің де тұрмысқа шыққым келеді. Бала сүйгім келеді. Ертең тұрмыс құрып, келін болған кезде ғана өзімді Алтынаймен салыстырып көретін шығармын. Менің арманым – Алтынайдай келін болу.

11032015_5

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

– Болашақта өзіңізді басқа қандай рөлден көргіңіз келеді? Жағымсыз кейіпкер арқылы өзіңізді сынап көруге қалай қарайсыз?

– Мен  кино саласында ешқашан жағымсыз кейіпкерді сомдап көрмеппін. Бірақ театр сахнасында ондай рөлім жоқ емес. «Қара шекпен» спектаклінде түлкі бикеш “Сылаң” деген образды алып шықтым. Ол жерде мүлде басқа қырымнан танылдым. «Өнердің көзі – халықта» дегендей, көрермен бұл ойыныма жақсы баға беріп жатыр. Егер халық бізді қолдап отырса, біз жұмыс жасай береміз.

– Әлеуметтік желілердің қайсысына көп  уақыт бөлесіз?

– Көбіне әлеуметтік желілерге  уақыт бөлгім келмейді. Бірақ үнемі бас алмай отырмасам да, Инстаграм желісінде бармын.

11032015_6

– Болашақта театр саласынан басқа қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар?

– Шығармашылық жаңалықтарым мен жоспарларымды театрдан бөліп қарастыра алмаймын. Өйткені мен өнеріммен театрға тікелей байланғанмын. Бірақ қазіргі таңда сырт жақтағы кастингтердің бәріне барып, қатысып жүрмін. Әйткенмен күніміздің көбі театрда өтеді. Таңнан кешке дейін осындамыз. Қазіргі таңда Тахауи Ахтановтың “Ант” спектакліне дайындалып жатырмыз. Сәуір айында осы спектакльдің премьерасы өтеді. Режисері – Жанат Хаджиев.

– Жеке өміріңіз туралы сұрақтарды қалай қабылдайсыз?

– Жеке өмірім туралы, соның ішінде жеке қарым-қатынастарым туралы сұрақтарға жауап бергім келмейді. Оны құпия ұстағанды жөн көремін. Уақыты келгенде, тұрмысқа шығайын деп жатсам сол жігітті алдын-ала «Міне, менің жарым» деп сіздерге көрсететін боламын. Әзірге заңды түрде тұрмысқа шықпағандықтан кіммен кездесіп жүргенімді ашық айтқым келмейді.

– Сіздің ойыңызша, бақ шаба ма, бап шаба ма? Сіздің өміріңізде осының қайсысы жүйрік?

– Менің өмірім мен өнерімде тек бап қана жүйрік сияқты. Театрдағы алты жылымның жемісі тек еңбекпен келіп жатыр. Біреулер менің жетістіктерімді Қайрат Байбосынов ағаммен байланыстырып жатады. Ол менің ағам болғандықтан маған басты рөлдерді береді деп ойлайды. Бірақ мүлде олай емес. Менің жеңістерімнің ешбіріне оның қатысы жоқ. Ол кісі өте қарапайым. Ол да барлық жетістікке өз еңбегімізбен жеткенімізді қалайды. Бірақ өнер саласында, жалпы өмірде де бабынан гөрі бағы шауып жүргендер көп. Меніңше, ол да жаман емес.

– Демалыстың қай түрін жақсы көресіз? Қалай демаласыз?

– Шынымды айтсам, театрға келгелі демалып көргем жоқ. Ал театрға келгеніме бес жыл болыпты. Айтпақшы, өтірік болмасын, осыдан төрт жыл бұрын Түркия еліне барып демалғанмын. Содан бері әлі демалған емеспін. Өміріміз осылай өтіп жатыр: таңнан кешке дейін – түсірілім.

11032015_8

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

– Егер өміріңіз өнермен байланыспағанда, қай кәсіпті тізгінге алар едіңіз?

– Ол жайында ойлап та көрмеппін. Мүмкін заңгер болар ма едім?.. Бірақ өзіме қағазбен және есеппен байланысты жұмыстар еш ұнамайды.

– Қолыңыздан басқа не келеді?

– Бимен айналысамын. Жаттығу залдарына барып, спортпен жиі шұғыладанамын. Түрлі дәмді тағам әзірлеймін. Бірақ мені көбі тамақ жасай алмайды деп ойлайды.

– Бүгінгі таңда өз мамандығыңызға сай қаншалықты деңгейде ізденіп жүрсіз?

– Дәл қазір Әуезов театрындағы Оразхан Кенебаевтың «Актер шеберлігі» деген еңбегін оқып жатырмын. Біз үшін бұл шығарма таптырмайтын оқу құралы.

– Ал көркем шығармалардан ше?

– Уақыт болса, кітап оқып жатқанға не жетсін? Жиырма күн болды С. Мұқановтың «Сұлушаш» романын оқып бітіре алмай жүрмін.

– «Өмірім – өнерім» деп білесіз бе, әлде «Өнерім – өмірім» деп білесіз бе?

– Мен алғаш театрға кегенде осы сұрақты түсінбеуші едім. Бір екі спектакльге қатысып, өнердің өзенімен аға бастағанда ғана түсіне бастадым. Мен үшін, өмірім – өнерім.

– Сізді өнерде не шабыттандырды?

– Тағы да оралып театрға келейік. Алғашында мен театрға келгенде тентектеу ерке қыз едім. Көп массовкаларға қатыспай, театрға селқос қарап жүруші едім. Бұл жақтың қасиетін сезінбей, телеарна жағалап кетіп қалғым келді. Жүргізушілікке бет бұрғанды жөн санап та жүрдім. Өйткені сол жақта табыс көп деп ойлағанмын. Бірақ мұнда да бұрынғымен салыстырғанда жалақымыз аз емес. Осындай ойда жүргенімде театрдағы біраз үлкендер қауымы бұл ойдан арылуыма көмектесті. Бір-екі спектакльге қатысқан соң бұл жақтың қадірін сезінетініме сендірді. Айтқандарындай, бір-екі қойылымда ойнап, дәмін тата бастағанда театрдың киелі сахнасы мені осында ұстап қалды. Сондықтан маған өнерде шабыт беретін нәрсе – киелі сахна.

11032015_9

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кастингтен көрініс

– Театр екі бөліктен тұрады: Сахна және сахнаның сырты. Өмірді де осылай екі бөлікке бөлуге бола ма?

– Мен біреумен сөйлесіп тұрсам көбі менің шын сөйлеп тұрғаныма күмәнданады. Мен актриса болғандықтан жалған образда сөйлеп тұр деп түсінетін болу керек. Әртістердің сахнадағы өмірі де, сахна сыртындағы өмірі де екі бөлек. Көп актерлер сахнада түрлі образдарда көрініп жүргенімен, өмірде көбі қарапайым. Сондықтан адалдылық, адамгершілік, қарапайымдылық – менің өмірдегі де, өнердегі де ұраным.

– Өткен халықаралық әйелдер күні мен наурыз мерекесіне орай Массагет сайты арқылы көрермендеріңізге қандай тілек айтасыз?

– Барлық әйелдер қауымын көктемнің мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әрдайым күліп-ойнап, жайнап жүре беріңіздер. Шаңырақтарыңыздан нұр, жүздеріңізден күлкі кетпесін.

– Сұхбат үшін рақмет!

Суреттер: Жеке мұрағат, massaget.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Актриса Раиса Мұхамедиярова қайтыс болды

admin

“Қара пиар мен хайптың атасы”: Отандық танымал әнші елді елең еткізді (фото)

admin

Театрымыздың актеры, Қазақстан Жастар Одағы “Серпер” сыйлығының лауреаты – Əсет Иманғалиев “Жаңа күн” бағдарламасында.

admin