Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған «Бір түп алма ағашы» атты драманың негізі осында.
Яғни отбасылық құндылықтардың құлдырауы. «Күтімсіз гүл де солады, ағаш та қурайды. Мейірім нәрін молынан сіңірген мәуелі ағаш жемісін көбірек салады. Күретамырдан тараған қуат күшін әр бұта өзіне қажетті мөлшерде ғана қабылдай алмаса, жапырақ сарғаяды, бұта да сынады, алып ағаш та құлайды. Адам да солай… Береке-бірлік, татулық болмаған отбасында жүректің жылуы қайдан болсын?!» Мұрат Ахмановтың қойылымы осы ойды меңзесе керек.
Әлімбек Оразбековтың пьесасы тағдырмен күресу үшін таусылмас күш, талмас қажыр-қайрат керектігін көрерменге ұқтырғысы келеді. Бұл спектакль театр сахнасында алғаш қойылып отырған жоқ. Бұған дейін де облыстық театрларда бірнеше рет сахналанған. Тіпті өзбек театры тәржімалап көрсетті. Оңтүстік Қазақстан облыстық Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры да сахнаға шығарған. «Қазіргі адамдар бір-бірімен мүлде сөйлесуді қойған!». Облыстық театрдың спектакльді берудегі негізгі мотиві – осы. Одан бөлек, Жезқазған театрында қойылды. Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры да бұл спектакльді сахнаға алып шықты.
Адамдар ержетеді. Отбасын құрады. Шаңырақ көтеріп, бөлек шығады. Бір-бірінен алыстай бастайды. Неге? Бауырлар бөлек кеткен соң, бір-бірін бөтенсіп, жатырқауы тиіс пе? Олар неге жатбауыр? Олар отбасынан неге алшақтап кетті? Бір кездегі мейірімге толы жүректер қайда? Бір-бірі үшін жанын беруге даяр еді ғой. Ол сезім неге ұмытылды? Мейірім, кешірім сияқты ұғымдар есейген соң, жоғала бастауының себебі неде? Пьеса авторының айтар ойы осындай.
Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» психологиялық драмасы туған ауыл, өзі өскен шаңыраққа деген әрбір адамның парызын қайта оралтып, көп ойларға жетелейді. Ауылда мүгедек баласымен қалған ана мен қалада тұратын балалардың кереғар тірліктері жаныңды күйзелтіп, көңіліңді мұңға бөлейді. Психологиялық драманың мәні әрбір көрерменге туған ел мен туған жермен қатар, туған шаңырақ пен ата-ананың алдындағы перзенттік парыздың бар екенін паш етеді.
Қарасаңыз, ауылдағы ана мен мүгедек баланың психологиясы бір бөлек те, тұрмыстағы қыздар мен күйеубаланың, қаладан келген ұлдың психологиясы бір бөлек. Сан түрлі мінез-құлық иелерінің тұрмыстық қажеттіліктен аса алмауы көрерменге көп ой салады. Кінә арту, өкпе-ренішін жеткізу секілді арзан құндылықтар алдыңғы орынға шығып кеткен. Ал Ана мен ауылдағы бауырдың ойында не бар, олар нені аңсайды, бауырларынан не күтеді деген ұғымдар жоқтың қасы. Бұл спектакль – өмірдің нақ өзі! Өмірдің алуан-алуан қиындықтарына қарамастан, әрбір саналы адам қоғамдағы, отбасындағы өзінің рөлін ұмытпауы тиіс деген игіліктен туған дүние.
Қойылымдағы Дәметкен ана рөлін ойнаған Гүлжамал Қазақбаева мен Роза Әшірбекованың шеберлігіне сөз жоқ. Үлкен ұлдың бейнесін көрсеткен Сәкен Рақышев пен Әсет Иманғалиевтің Ерғалиы нағыз тасбауыр ағаның бейнесін көрсеткендей. Әлия мен Ләйлә рөліндегі Хазима Нұғманова мен Лиза Серікова да өз рөлдерін сәтті алып шыққан. Әсіресе, Зарқымбектің бейнесіндегі Рахман Омаров көпшілікті тағы бір тәнті етті. Мүгедек баланың, яғни Мақсаттың рөлі Дархан Сүлейменовке тиесілі болған екен. Дархан-Мақсаттың образының шынайылығы соншалық, кейіпкермен бірге мұңданып, бірге қиналдық.
Театрдың көркемдік жетекшісі, спектакльдің қоюшы-режиссері Мұрат Ахмановқа «Бір түп алма ағашы» спектаклінің бұған дейін де бірнеше облыстық театрда қойылғанын айтты, «оны қайталап қоюдың маңызы бар ма?» деген сауал тастадық.
– Отбасы тақырыбы – мәңгілік тақырыптардың бірі. Жастар мен балалар театрының сахнасында жастарға үлгі боларлық, мәні бар шығармаларды қою қажеттіліктен туындап отыр. Осындай маңызы зор дүниелерден жастар сабақ алуы қажет. Ата-анасын ұмытпасын, бауырмал болсын, отбасы мейірімінен ажырамасын деген ойды айтқымыз келді.
– Дегенмен бұған дейін қойылып жүрген спектакльді жаңалық деп қабылдай аламыз ба?
– Спектакль бірнеше облыстық театрда қойылғаны рас. Ал бұған дейін Алматының сахнасында болмаған екен. Негізінен, студенттер мен жастардың көп шоғырланған ортасы осы жер. Сондықтан мұндай спектакль Алматы жұртшылығы үшін қажет-ақ.
– Облыстық театрда қойылған қойылымды тамашалап көрдіңіз бе?
– Бұл тақырыпты өзім де бір рет облыстық театрда сахналағам. Бірақ бұл спектакльдің артықшылығы, мұнда біраз өзгешеліктер бар. Чеховтың шығармаларынан кейбір құндылықтарды пайдаландым. Музыкамен көркемдеу жағынан академиялық деңгейге көтергім келді.
– Бұрынғы спектакльдеріңізде пластиканы көбірек қолданатын едіңіз. Бұл жолы ондай ерекшелікті байқай алмадық. Неге?
– Оның да өзіндік себебі бар. Драматургия мықты болса, пластиканы аса қажетсінбейді. Байқасаңыз, мұнда көпшілік сахнаны көп қажетсінбейді. Бір отбасының басында болған оқиғамен шектелетін болғандықтан, оған би, артық қимыл керек емес.
Түйін:
Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды драма театры «Бір түп алма ағашын» қойғанда, былай деп жазған екен: «Отбасы мың кірпіштен қаланған үй секілді. Әгәраки, бір кірпіш орнынан босап құлап түссе, басқа кірпіштердің тығыз байланысы бұзылып, нәтижесінде, үйдің қабырғасы сөгіліп, шаңырағы ортаға түсуі бек мүмкін. Өзімшілдік бар жерде бірлік жоқ. Бірлік жоқ мекенде бүлік көп. Ал бүліктің түбі – Өлім. Бүгінгі қоғамдағы боямасыз шындық – ағайындар арасындағы алауыздық. Бір жатырға сыйғандардың бір шатырға сыйыспауы – зор қасірет!» Бұған алып-қосарымыз бар ма? Отбасының бірлігін сақтаған ұлт мемлекеттің де бірлігін бекем ете алады.
Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/19342-_b_r_t_p_alma_a_ashy_m_rd_z_