Осыдан біраз бұрын Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театры көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармасы желісінде режиссер Талғат Теменов сахналаған «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін көрермен қауымға ұсынды. Қойылымды тамашалау барысында аталмыш театрдың директоры һәм көркемдік жетекшісі, режиссер Талғат Теменовтің спектакльді сахналау барысында бұрын-соңды кездеспеген жаңа әрі тың шешімдерге жүгініп, қойылымның барынша көркемдік шешім табуын басты назарда ұстағандығы айқын аңғарылады.
Бұл – бір! Екіншіден, тәжірибелі режиссер қазақтың талай өнер тарландары алуан түрлі бейнелерді сомдап, халықтың құрметіне бөленген осынау киелі де қасиетті театрға талантты да өнерлі жастардың бір шоғырын жинай біліпті. Шындығына келсек, өзіміз тұңғыш рет сахна төрінен жолықтырған Жұлдызбек және Аида сынды жас актерлердің шын мәнінде, сахна үшін жаратылған жастар екендігін айқын таныдық. Сөйтіп, бүгін біз жас актер Жұлдызбек Жұманбайды сан мыңдаған оқырман қауымға таныстыруды жөн санадық. – Жұлдызбек, қырғыздың даңғайыр жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармасының желісі бойынша сахналанған «Қызыл орамалды шынарым» қойылымында сен осындағы басты рольдердің бірі – Ілиясты сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөлендің. Құтты болсын! Дейтұрғанмен, алғашқы әңгімені таныстықтан бастағанымыз жөн болар… – Мен бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы «Кеңгірбай» деген ауылда көп балалы от басында (бір әке-шешеден 10 бала) 1982 жылы өмірге келдім. Мен отбасындағы жетінші баламын. Әкем Айтқали ауылшаруашылығы саласында жұмыс жасайды. Ал анам Ғалияның мамандығы аспазшы. Ауылда мектепте оқып жүрген кезімде жергілікті өнерпаз ұлдар мен қыздардан құралған «Қаламқас» деп аталатын ән-би ансамблінің мүшесі болдым. Осы өнер ұжымында жүріп, алуан түрлі спектакльдерді жергілікті тұрғындардың талқы-таразысына ұсынып, әртүрлі рөльдерді шама-шарқымша сомдадым. Шындығын айтсам, «мектепте үздік немесе жақсы оқыдым» деп айта алмаймын. Әйтеуір, онжылдықты ілделеп жүріп бітіргенім ақиқат. Керісінше, менің мектеп жанынан құрылған әлгі «Қаламқас» өнер ұжымын жиі жағалап, қайткен күнде қандай да бір рөльді ойнағым кеп тұратын. Сөйтіп жүріп «Қаламқастың» құрамында бірталай спектакльдерге қатысып, алуан түрлі мінезді жандардың бейнесін сахналадым. Бұған қоса, мен мектепте оқып жүргенде Ақылбек есімді азаматтан «фагот» деп аталатын үрмелі аспапта ойнауды жан-жақты меңгердім. Құрбыларым мен музыкалық сауаты бар ауыл тұрғындары менің мұндай шешіміме үнемі таңғалумен болды. Өйткені «фагот» деп аталатын бұл музыкалық аспапты көп жағдайда қалада тұратын балалар меңгеруге бейім тұрады екен. Сондықтан да болар, кейбір құрбы-құрдастарым «қазаққа тән емес аспап саған неге керек? Сонда сол бір аспапты өмір бойы үрлеп өтпексің бе?» деген сияқты сұрақтарды жаудырып сан мәрте қитығыма тиген кездері де болды. Бірақ мен олардың сөздеріне құлақ аспастан фаготты өте жақсы меңгеріп алдым. Одан соң мектеп жанындағы сурет үйірмесіне барып жүріп, сурет салудың қыры мен сырын меңгердім. Дегенмен театрдың, дәлірек айтқанда, сахнаның құдіреті мені үнемі арбады да тұрды. Бір таңғалатыным, сонау бала шағымызда бізге Алматы алынбас қамалдай әрі өте алыс аймақ болып көрінетін. Алматының керемет сұлулығын тек теледидар арқылы ғана тамашалап, тамсанатынбыз. Бір қуантарлығы, мен орта мектепті тамамдаған 1999 жылы Семей қаласындағы Мұқан Төлебаев атындағы саз колледжінде профессор Дариға Тұранқұлованың (Дариға апай қазір Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы. Ж.М.) жетекшілігімен актерлер дайындайтын арнайы бөлім ашылып, сонда емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. Мұнда біз марқұм Әкбәрәлі Айтыбай деген режиссерден тәлім-тәрбие алдық. Осында жүріп Дариға апай колледж жанынан «Дариға-ай» деген театр ашты. Бір жағынан білім алып, екінші жағынан «Дариға-ай» (қазіргі күні Семей қалалық театры) театрында жұмыс істей жүріп, шынайы сахнаның қызығы мен шыжығын басымыздан өткере бастадық. Содан колледжді тамамдап, «Дариға-ай»-да тәжірибеден өтіп, реті келгенде группалас досым Әсет екеуіміз: «өнер академиясы, қайдасың?» – деп алыста болса Алматыға Темірбек Жүргенов атындағы оқу орнына жол тарттық. Әлі есімде, осы оқу орнының табалдырығында бізді алғашқылардың бірі болып көрнекті актер, ұлағатты ұстаз марқұм Жанас Ысқақов ағамыз кездейсоқ кездестірді. Ол кісі біздің өнер оқуын іздеп келгенімізді іштей сезді білем, бізге бұрылып қарады да: «жігіттер, менің бөліміме оқуға түсесіңдер ме?» деді салған жерден. Біз де қарап қалмай «ол қандай оқу?» деп «жамырай» жөнелдік. «Менің бөлімім жаңадан ашылды, миниатюра актері мамандығы бойынша дайындайды» деп мәселенің мәнісін түсіндірді. Ал біз болсақ, «жоқ, біз драма әртісін дайындайтын бөлімге барамыз» деп қосанжарлап қоймаймыз. Өзіміз іздеп келген, пір көріп жүрген Нұрқанат аға Жақыпбаевты таба алмадық. Ақыры, «мені арбаған бір сиқыр» демекші, Жанас ағаға қайтып оралдық. Ол кісі бізге миниатюра актерінің қандай болатынын, айырмашылығын т.б. егжей-тегжейлі түсіндірді де: – Қане, өнерлеріңді көрсетіңдер! – деп бізді бірден сынауға көшті. Біз болсақ, колледжде үйренген, «Дариға-ай» театрында сомдаған алуан түрлі кейіпкерлеріміздің образына кіріп, кезек-кезек ақ тер, көк тер болдық. Сөйтіп, Жанас аға бізге емтихан тапсыруға рұқсат берді. Амал нешік, біз екінші курста оқып жүрген кезде, Жанас ағамыз көлік апатынан қаза тауып, жетімсіреп қалдық. Шындығы керек, «келіннің бетін кім ашса сол ыстық» дегендей Жанас ағадан қапыда айырылып қалғанымыз бізге аяздай батты. Ұзақ уақыт бойы өзімізге-өзіміз келе алмай, асыл ағамыз бейне бір іс-сапарға кеткендей, ертең-бүрсүгүні қайтып келетіндей күй кешітік. Осылайша, екі ұдай ойда жүрген біздің курсқа өзіміз өнерін театрдан ғана емес, «Тамашадан» тамашалап, айрықша тәнті болған өнер тарланы Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз бекітілді. Қазір ойлап отырсақ, сол жылдары біз қимастық сезімнен болар, Жанас ағамыздың атын өте жиі ауызға алады екенбіз. Содан бір күні Құдайберген ағамыз: – Балалар, Жанас ағаларыңның жол апатынан қайтқанын білесіңдер. Әрине, сағынасыңдар, есімін айтпаңдар демеймін. Ол ағаларыңмен біз де әріптес болдық, оңай емес. Алайда сендердің марқұм Жанас ағаларыңның атын жиі-жиі айта бергендерің маған ауыр тиеді, – деп ағынан жарылды. Осылайша, біз Құдайберген ағаның ағалық сезімін түсініп, жылдар бойы оның өнер мектебінен дәріс алып, Жүргеновті абыроймен тамамдадық. – Өзің үлкен өнер жолындағы алғашқы қадамды неден бастадың? – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының соңғы курсында оқып жүрген кезімізде «Көшпенділер» аталатын фильмнің түсірілімі аяқталып, ондағы рөлдерді қазақ тілінде дыбыстауға касстинг жарияланды. Сөйтіп, біз бір топ студент «Қазақфильм» студиясына келдік. Келсек, кімнің дауысының қандай екендігіне тексеру жүріп жатыр екен. Барлығымыз дауысымызды жазып, касстингтен өтуге талпындық. Осында мен алғаш рет танымал режиссер Талғат аға Теменовпен кездестім. Арада бір аптадан соң арнайы комиссияның менің дауысымды «Көшпенділер» фильміндегі Абылайханның дауысын қазақ тілінде дыбыстауға жарамды деп тапқаны туралы хабар алып, алғаш рет «Қазақфильмде» Абылайханның дауысын қазақ тілінде жаздым. Бұл әрине, төртінші курс студенті үшін үлкен абырой еді. Айта кетуім керек бір нәрсе, Абылайханды дыбыстаған маған Талғат аға үлкен сенім артса керек, оқуымды бітірген жылы мені өзі басқаратын Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрына қызметке шақырды. – Жұлдызбек, сен неліктен актерлік мамандықты таңдап алдың? Егер актер болмағанда, қандай мамандықты меңгеруің мүмкін еді? Бұл туралы ойландың ба? – Әсілінде, ата-анам менің әскери білім алып, ел қорғаушысы – әскери қызметкер болуымды қалады. Тіпті әскери салада қызмет атқарып жүрген бір ағам мені мектеп бітірген соң бірден әскери оқуға алып кетпекші де болды. Бірақ неге екенін білмеймін, әскери қызметкер болуды менің жүрегім қаламады. Бәлкім, бұл менің көпті көрген көнекөз қария, үлкен атам – Жұманбайдың «қойнында» еркін еркелеп өскендігімнен болар. Сондықтан да болар, ата-анамның әскери оқу туралы шешімін мен алғаш рет қинала отырып атама жеткіздім. «Үрейімді» жүрегімен сезген айналып кетейін Жұманбай атам Семейдегі актер ағамыз Алтынхан Мырзақасымовқа хабар жіберіп, немересінің әртістік білім алғысы келетінін, қолдан келген көмегін беруді өтінді. Осылайша, «қай күні әскери оқуға әкетеді» деп үреймен жүрген мен тездетіп Семейдің саз колледжіне оқуға аттанып, әскери қызметтен «құтылғаным» бар. Мен бала кезімде жаз айларында сабақтан қолым босағанда атқа мініп қой бағып, үйге қолғабыс жасайтынмын. Сондай сәттерде астымдағы атымды тебініптебініп жіберіп, баяғының батырларындай қолымдағы қамшымды жоғары көтеріп, ана төбеге бір, мына төбеге бір шапқылайтынмын. Жәй шапқылап ғана қоймай атымның үстіне аяғыммен тік тұрып, кейде бауырына салбырап өзімше кинодан көрген небір трюктерді жасайтынмын. Кейде айғай салып мәнерлеп сөз сөйлеп, кейде қамшымды мылтықша кезеніп алуан түрлі әрекеттер жасайтынмын. Бұл қылығым басқаны қайдам, өзіме өте қатты ұнайтын. Ұнайтыны соншалық, мұндай «жаттығулардан» кейін өзімді жауын жайратып салған Һас батырларша сезініп, бір сәт анам салып берген ауқатпен рахаттана тамақтанатынмын. Сөйтіп жүргенде бірде ауданның жергілікті өнерпаздарынан құралған халық театры «Абай» спектаклін қоятын болып, жас Абайды ойнайтын баланы мектеп оқушылары арасынан іздеді. Сонда мен семейлік режиссердің таңдауына ілігіп, жас Абайды сомдайтын болдым. Сондағы менің қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес. Қуаныштан төбем көкке екі елі жетпеді. Өйтпенде ше?.. Себебі орта мектепте сабақ берген ұстаздарымның бірі Құнанбайды, енді бірі Зерені т.б. кейіпкерлерді ойнайтын болды. Әсіресе, Қодарды өлтірген кезде «әкем не деген қатал еді?» деп жас Абайдың қиналып, ауырып қалатын кезін сомдау маған өте қиынға соқты. Бірақ амал нешік, бәріне көніп, алтыншы сыныпта жас Абайды ойдағыдай сахналағаным бар. – Ал үлкен өнер сахнасы – Ғ. Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрындағы актерлік қызметіңді қандай рөлді сахналаудан бастадың? – Алғаш мен бұл театрға келгенімде, «Қайдасың, бақыт?!.» деген ертегі спектакль сахналанбақшы екен. Мұнда мен Құлыншақтың бейнесін сомдадым. Бір ерекшелігі, мұнда актерлардың барлығы жылқының рөлін ойнады. Бірақ олардың ойы мен айтатын пікірлері кәдуілгі үлкен адамдардың ой-пікірімен сәйкес келеді. Міне, сол жылқылардың ішінде Құлыншақ бақытты іздейді. Міне, осы Құлыншақ бейнесі менің үлкен сахнада бейнелеген алғашқы үлкен рөлім еді. Бұл шығарманың авторы Зинчук, ал аударған Иран-Ғайып. Ал оны сахналаған Нұрлан Абдықадыров деген қырғыздың режиссері болатын. Ең бастысы, бұл спектакльде мен Гүлжамал Қазақбаева, Тыныштықгүл – біз Бота апай дейміз, секілді танымал актриса апайларыммен бірге ойнау бақытына ие болдым. Шындығында, Құлыншақ бейнесін сахналау арқылы сахнада ойнау тәсілдерін біраз меңгердім. Мен үшін бұл күн мәңгі есімде қалатын ұмытылмас күн еді. Одан соң драматург Тахауи Ахтановтың режиссер Жанат Хаджиев қойған «Күшік күйеуінде» Кубиктің, «Ақансері Ақтоқтыда» – Сердәлінің, Марк Баджиевтың «Жекпе-жегінде» – Азиздің, режиссер Балтабай Сейітмамытовтың екі спектаклінде «Сүйе білсеңінде» – Аббастың рөлдерін сомдау бақытына ие болдым. Осылайша, мен сахнаның киесі мен құдіретін іштей сезінудемін. Шынына келсем, сахна – менің тәңіріме айналды. Менің бақытым – сахнада! Сұхбаттасқан Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=5668&Itemid=2