Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Шымшыма шындық

Қазақ ұлттық театр өнері әлемінде өзгеріс бар. Алдымен Әуезов пен Мүсірепов театрларының басшылығы ауыс­ты. Реформа атаулы осындай оң ниетті өзгерістерден басталмақ. «Сахнадан тысқары сайыстарда» шаруамыз жоқ, дегенмен, көрермендермен қоса, театр қайраткерлері арасында елдегі сахнаның қос флагманындағы басшылық құрамның ауысуы туралы сан алуан пікірлерді естіп жүрміз.

Тұсаукесер

Академтеатрға Ерлан Біләл, Жасөс­пірімдер театрына Сәбит Әбдіхалықов келді. Екеуі де жас. Соған қарамастан екеуі де көрерменге танымал, белгілі өнер қайраткерлері. Мұны не үшін айтып отырмыз дегенге келейік. Жақында бір драматургтің «бір орында ұзақ тұнған су борсиды» деп осы мәселенің ақ-қарасын бір-ақ ауыз сөзбен ашып бергені бар. Ойландыратын-ақ сөз. Әрі белгілі драматургтің бұл пікірінің артында мың сан көрерменнің көптен айта алмай жүрген ниетті ойы, пиғылы жатыр, деп топшылау керек сияқты. Біз білетін Ерлан Біләл – байыпты сабырдың адамы. Әкемтеатрды үн-түнсіз жазғы демалысқа алып кетті. Әрі елдегі бас театрдың онысын «дауыл алдындағы тыныштыққа» балап жүргендер де баршылық. «Әкемтеатр жазғы демалысқа кеткен жоқ, алдағы маусымның тың жаңалықтарын енгізуге дайындалуға кетті» деген пікірлер де айтылуда. Лайым, солай болсын деп тілейік. Ал Жастар театры биылғы маусымның соңында көрермендеріне тың туынды ұсынды. Бұл жолы жас режиссер Сафуан Рысбайұлы Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» фарс-комедиясын сахналады. «Құстар фестивалі» бұрын да қойылған. Байырғы, бастыққан мәнерде… Көрермен есебінде біздің де «перде тасасынан – премьера», сол тұсаукесерден тың жаңалық, режиссерлік шешім күтетініміз белгілі. Оның үстіне драматургі белгілі, елге танымал адам. Ал режиссері – жас талап. Сөз ретіне қарай айта кететін бір нәрсе, талап пен таланттың ұдайы бір тұғырдан көріне бермейтінін көрермен жақсы біледі. Сондықтан бұл жолы да туындының тұсаукесеріне үмітпен қоса күдік пен күмән арқалап келгеніміз де өтірік емес. Спектакльден ізденіс, тың режиссерлік шешім мен фантазия бірден байқалады. Алдымен оны сахна декорациясынан аңғардық. Шымылдық көтерілісімен залдағы көрермен ағаш бұтағында ілініп тұрған құстың ұясын көреді. Ұя – қашанда қасиетті ұғым. «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді данышпан қазақ атаң. Яғни, ұя – тәрбиенің тетігі. Ал бұл жердегі ұяда тылсым мен астарлы мимика бар. Кейіпкерлерінің бәрі – адамдар емес, құстар. Оқиға ортасы – құстар әлемі. Субабстракциялы ишара – құстың ұясы түрінде. Жалпы, астарлы мимикамен жазылған туындысында драматургтің құстар әлемін таңдауы да тегін емес шығар деп ойлаймыз. Қазіргі демократиялық-құқықтық қоғам орныққан заманда үздік әдебиет туындыларының, тіпті, ағымдағы журналистиканың ишаралы мимиканы ең тиімді де сәтті, ыңғайлы формаға айналдырып алғанын көріп жүрміз. Ол Борхесте де, Кортасарда да, Карпентьерде де бар. Ал, Мүсірепов театрының бүгінгі сахнасының объектісі – қазаны ғасырлар, жүзжылдықтар бойы тоқтаусыз, тынымсыз қайнаса да ішіндегісі піспеген, піспейтін, яғни сүйсініп «жеуге» әлі де болса… жарамаған, қалтарыс-бұлтарысы, спецификасы көп қазақ қоғамы. Драматургтің сол қоғамның ақ-қарасын ашып көрсету үшін тылсымды «Құстар әлемін» таңдауында да өзіндік мақсат болғаны айдан анық. Әрі тың режиссерлік шешім арқылы сол ниеті орындалғанын да көрдік. Нақты ғылымдарға сүйене отырып айтсақ, он сегіз мың ғаламның ішінде дүниені, өмірді қабылдап көруі ерекше бірден-бір тіршілік иесі де осы құстар екен! Себебі, олар қарсы алдындағысынан басқаны көре алмайды. Ал, құстың екі көзі – басының екі қапталында. Яғни, қанатты құс ұшып келе жатып та, жер бетінде де әлемді басқалар сияқты тек бір қырынан ғана көрмейді. Құстардың көру, соған сәйкес танып, білу ауқымы өзгелерден гөрі ауқымды, аумақты. Тіпті, құстар дүниені жалпақ, жазық қырынан емес, басқа қиылыс арқылы көреді дейді нақты ғылым. Пьеса авторы осы ерекшелікті ашып айтпаса да көрерменіне ишарамен түсіндіреді. Дүниенің біз білмейтін тылсымды құпиясы аз ба?! «Біздің, яғни адамдардың кемшілігі – құстар сияқты дүниеге аспани көзқараспен қарай алмауымызда шығар…» деген күмәнділеу ойдың оянуы да заңды. Дулат Исабеков шығарманың сюжетін құрарда осыны қаперде ұстағанға ұқсайды. Ал режиссер Сафуан Рысбайұлы оны сергектікпен түсіне білген.

«Құстар фестивалі» – қоғамдағы, оның ішінде өнер әлеміндегі ел біліп, көріп жүрген кемшіліктерді, әділетсіздіктерді ашып көрсету үшін жазылған шығарма. Онда өнерлі ортада жиі кездесетін сольеризм, көреалмаушылық, шын дарын мен дарынсыздар арасындағы Моцарт пен Сольериге тән дүнияуи һәм тарихи текетірес, тартыс баяндалады. Әрі шебер драматизм ширығыстарын көріп риза да боласың…

DSC_0796 DSC_0782 DSC_0770

Қолшатыр астындағы күңгірт дүние

Моцарттарға тиесілі мәртебелі өнер мен сахна төрінде Сольерилерге де орын табылып жатады. Орын болғанда да қандай дейсіз ғой! Сол киелі сахна мен өнердің ең мәртебелі төрінен бір-ақ шығады кейде олар. Спектакль желісіне сай Исабековше баяндағанда, әдебиеттің – өз әтештері, театрдың – өз тауықтары бар. Өнер мен шеберлік сайысымен қоса, марапат, атақ, жүлде, мәртебе бәсекесі де қызған үстіне қызып тұр. Кейбір дарынсыздардың алған марапаты әсірелеп айтар болсақ, бір есекке жүк болғандай. Мәртебе мен жүлде жүрген жерде пара мен алақол ағайыншылықтың ілесе жүруі де заңды. Яғни, көп жағдайда Моцарттар – жетім, жүлдесіз қалып жатады. Ал Сольерилердің артында – қолдаушысы, төбесінде – жаңбыр мен ызғардан қорғайтын жебеуші қолшатыры болмақ. Көріп-біліп жүрген ақиқатымыз – сол. Әлбетте, ондайда дарынды ұтылып, дарынсыздардың тасы өрге домалап жатпақ. Құстар падишасы Бүркіттің (актер Ержан Жарылқасынұлы) құстардың ән фестивалінің өтетінін жариялауы мұң екен, атаққұмарлар, мәртебеқұмарлар дүрлігісіп шыға келеді. Себебі, бас жүлдеге берілетін бір қап бидай мен бір қап тары далада жатқан жоқ. Оның үстіне «бәленше бас жүлде алыпты!..» деген жақсы атағы және бар. Композицияның, драматизмнің барынша ширығатын тұсы да – осы. Бүркіт падиша – байқауды жариялаушы ғана. Оның ендігі тағдыры Жапалақ (актер Руслан Ахметов), Сауысқан (актер Мерей Әжібеков), Тоты (актриса Гүлбахрам Байбосынова) сияқты жандайшаптарының қолында. Спектакльдегі шешуші бейнелердің бірі – Сауысқан (актер Мерей Әжібеков) сахнаға шығады. Би мен пластикасы сюжет мазмұнын барынша айқындап, ашып тұр. Тамаша бір режиссерлік шешімді де дәл осы тұстан көреміз. Сауысқанның қолында сценарий де жоқ қолшатыр бар. Барша ишаралы, тылсымды мимика сол қолшатырда! Әрі ол – жәй ғана қолшатыр емес. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» құзырлы Бүркіттің қамқорлығындағы құзыретті шенеунік алақол һәм алақанат Сауысқанды және оның көңілі түскендерді, түсетіндерді қорғайтын саялы да ырыс­ты пана. Ырысты болатын себебі – Сауысқан сахнаға төмен қарай жайып қойған қолшатырға үміткерлерден пара түсіп жатады. Құзырлы Сауысқанды төңіректей қарқылдап, рулас, қауымдас Қарғалары жүр. Атаққұмар мақтаншақ Әтеш (актер Қуаныш Тұрдалин) келеді қос мекиенін ертіп. Қысқасы, пара мен сыйлық ырысты да күнәһар қолшатырға тоқтаусыз құйылып жатыр.

 

 Бұлбұлдар әлемінің айықпас мұңы

Фарс-комедияның лейтмотиві есебінде Латиф Хамидидің «Бұлбұл әуені» алыныпты. Қазақи көкжиек пен аспани әлемді әуезді сазға бөлеген сол көзге көрінбес, бірақ көңіл кілтін дөп басатын абстрак­циялы «бұлбұл» әуені Бибігүл Төлегенова сынды қайталанбас өнер тарланының арқасында барынша нақтыланып, ұғынықты жеткізілді. Қазіргі тыңдарман да, көрермен де «бұлбұл» лексиконын һәм әуенін қолтума ұғым деп қабылдамайды. «Бұлбұл» әуені қазіргі қазақы түсінікке әбден кірігіп, мықтап орныққан нақты лиризмнің баламасы. Онда нәзік эмоциямен қоса, мұң мен өкінішті өксік те бар. Бұл жерде спектакльдің лейтмотиві есебінде осы әуенді таңдаған режиссерлік шешімнің орынды қисынын, тапқырлығын айтуға тиіспіз. Режиссер Сафуан Рысбайұлының сценарийде жоқ лайықты әуенді дөп басып тапқаны бізді де қуантады. Яғни, пьесаның лейтмотиві есебінде алынған әуен шығарманың ишаралы ойына, айтарына ғажайып жағдайда сәйкесіп, мазмұнды ашып тұр. Эпизодтық көрініс арқылы тексіз Көкек (актер Мақсат Сәбитов) бейнесі де сәтті ашылған. Сонда беретін парасы жоқ (Әтештің парасы – тоқсан жұмыртқа мен бір қап мамық. Әрі жыл сайын Бүркіт падишаның жеуіне он балапанын береді) Көкек байғұс не істейді дейсіз ғой? Өнер әлеміне тән қауқарға зәру дарынсыздардың күнделікті амалына айналған және бір кемшілік бар. Ол – жағымпаздық. Режиссерге жағыну, сценарий авторына жағыну деген сияқты… «Құстар фестивалінде» тексіз Көкек бас жүлденің тағдыры қолында тұрған, қолшатыр көтерген Сауысқанға жағынады. Алдына қолын қусырып отыра қалып, мойнындағы шарқатымен Сауысқанның топалайын сүртеді. Міне, «Құстар әлемінде» осындай да ғажайыптар болып жатыр. Ал адамдар арасында ше? Тұсаукесер спектакль кейіпкерлерінің әмбесі құстар болғанымен, айтар ойдың ишаралық нысаны – адамдар. Пенденің дүнияуи әрекеті. Көрермен спектакльден соны аңғарады. Қазір театрға келетіндердің тең жарымы өнер адамдары, өнерге қатысы барлар екені өтірік емес. Спектакль аяқталған соң орнынан тік тұрып, труппаға қол соққан залдағы көрерменге қарағанбыз. Әлбетте, бұл жолы, яғни, ойландыратын спектакльден соң қанатты құстың өзгелер көре алмайтынды көретін сергектігімен… «Әр кәлләда – бір қиял», көзтаныстар­дың біразының нені көксейтінін, қандай марапат, атақты армандайтынын жобалап болса да білеміз ғой. Сол атақ, марапаттың жолында қандай қаракеттер жасап жүргені де белгілі. Себебі, бас жүлдеге берілетін «бір қап бидай мен бір қап тары» далада жатқан жоқ. Атағымен қоса, біраз нәпақа! Сондықтан, алдымен айтарымыз: «біраз Тауықтың түсіне тары кіріп жүр…». Ал тың керемет туындыға зәру, көзіқарақты көрермен түсіне ширыққан жақсы драма, жақсы режиссура, актерлік шеберлік сияқты арманды игіліктердің бәрі кіріп жүр… Жастар театрының бүгінгі тұсаукесері осы қажеттілікті қанағаттандыра алды, деп ойлаймыз. Жаңа құрамнан тың ізденістер айқын байқалады. Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясының бастапқы шартты атауы «Бәрінің жақсы аяқталатыны қандай жақсы» болыпты. Фарс-комедия тұсаукесерінен соңғы әсермен біз де өз мақаламызды Толстойдың осы сөзімен түйіндемекпіз. Лиризмнен басталатын трагикомедияның соңы оптимизммен аяқталады. Әділет салтанат құрады. Бас жүлде, ақыры, Бұлбұлға бұйырады. Ал өнер мен өмір бұрынғысынша жалғаса бермек. Падиша Бүркіт – ой үстінде. Бұлбұлға жақтас болса да дүбәралау образ Атақаз – сабасына түскен. Әнші Бұлбұл – жеңіскер. Сауысқан мен Жапалақ өңін өзгертіп, бұл жолы да жеңіскер жағына ойысады. Әтештің мұңы – жүлдеден қағылған Тауықтарының кәрінен құтылу ғана. Ал Қарғалар ше? Әділ шешімге наразы Қарғалар… бір бұрышқа шоғырлана жиналып, өзара күбірлесіп, қарқылдасып жатыр. Әңгіме не туралы екен, сонда? Жобасы, алдағы өнер сайысы, бас жүлденің жәйі тәрізді…

 

Өмірзақ МҰҚАЙ,

Қазақстанның мәдениет қайраткері. АЛМАТЫ.

 

Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/07/17/70320

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай «Ана туралы аңыз» атты кеш өтті

admin

70-ші маусым – жаңалықтар маусымы

admin

4 қараша күні театрымыздың бірқатар артистері мен қызметкерлері бастаған топ Алматы қалалық ардагерлер үйінде болып, көнекөз қарияларымызбен кездесіп қайтты.

admin