Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары

Алматыда І Республикалық жас режиссерлер фестивалі өтеді

Тұрақты көрермені қалыптасқан, репертуары жасөспірім көрермендердің көңілінен шығып жүрген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бүгінгі шығармашылық процессі көпшілікті қызықтыруда. «Махаббат, қызық мол жылдар», «Болмаған балалық шақ», «Қызыл орамалды Шынарым», «Құлагер» сынды қойылымдарға бір ай бұрын аншлаг болуы да, көрмендердердің қызығушылығын танытса керек. Жуырда Д.Исабековтің қаламынан туған «Әпке» қойылымының премьерасын ұсынатын театр ұжымы тағы бір театр әлеміндегі айтулы доданы ұйымдастырмақшы.

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры ағымдағы жылдың 1-6 қараша күндері аралығында І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАСТАР ТЕАТРЛАРЫ ФЕСТИВАЛІН өткізбек. Отандық театр үдерісіндегі 8 үздік режиссердің жұмысын таңдап алған сарапшылар, фестивальдің форматы байқау түрінде ұйымдастырылмайтынын айтты. Іріктеу комиссиясы 30-дан аса өтінім жіберген театрлар жұмыстарын қарай отырып, 8 қойылымды таңдап алды. Еліміздің әр аумағынан жиналған отандық театрлар 35 жасқа дейінгі режиссерлердің жұмыстарын алматылық көрермендердің назарына ұсынады.

Фестиваль – жастар қаласында жас режиссерлердің жаңа жұмыстарымен танысу, еліміздің әр аймағынан келетін театрлардың өнерін тамашалауға таптырмас мүмкіндік. Жалпы алғанда, театрлық фестиваль өткізудің ең ұтымды тұсының бірі – театр өнерінің бүгінгі даму бағыты мен көркемдік ерекшелігін зерделеп, әріптестер арасындағы шығармашылық қарым-қатынасты нығайтып, театр өнеріндегі сабақтастықты сақтау болып табылады. Театр өнері саласындағы саласындағы жас режиссерлер арасынан ерекшелігімен және тың ізденісімен көзге түскен режиссерлерді таңдап алуда кәсіби театртанушылар жұмыс жасады. Жауапты қызметті атқарған сарапшылар отандық театр үдерісіндегі қойылымдарды көріп, театртанушылық талдау жасап, сараптама жүргізіп жүрген мамандар.

Отандық театр кеңістігі тынысымен жақсы таныс театртанушылар Анар Еркебай, Меруерт Жақсылықова бастаған сарапшылар төмендегі қойылымдарды үздік деп тауып, фестивальдің қатысушысы етті:

  1. Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры. «Қыз Жібек» операсы. Режиссері: Әлібек Өмірбекұлы
  2. Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры. «Қобыланды» спектаклі. Режиссері: Анна Цой
  3. Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры. «Шырақ» қойылымы. Режиссері: Шыңғыс Жақыпбай
  4. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры. «Кассандра таңбасы»қойылымы. Режиссері: Әридаш Оспанбаева
  5. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры. «Ричард ІІІ» қойылымы. Режиссері: Мейрам Хабибуллин
  6. 17 жастар театры. «Алғашқы ұстаз» қойылымы. Режиссері: Шағуан Үмбетқалиев
  7. Тотальный театр театрлық компаниясы. «Я есть» спектаклі. Режиссері: Антон Зайцев
  8. С.Сейфуллин атындағы академиялық Қазақ драма театры. «Қарагөз» спектаклі. Режиссері: Гүлназ Балпейісова

Республикалық фестивальдің салтанатты ашылуы қараша айының 1-ші жұлдызында,  сағат 17:00-де  театр алдында бастау алып, 18:30-да «Құлагер» қойылымымен жалғасын табады. Қатысушы театрлар мен режиссерлерге фестиваль ашылуында арнайы Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хаттары табысталатын болады. Сонымен қатар, салтанатты ашылудың құрметті қонақтары, 35 жасқа дейінгі ізбасар режиссерлерді марапаттайтын, сахна өнерінің майталмандары – Есмұқан Обаев, Талғат Теменов, Нұрқанат Жақыпбай, Әубәкір Рахимов, Қуандық Қасымов, Мұрат Ахманов, Гүлсина Мирғалиева және Наташа Дубс болмақ.

Қазақ режиссерлік өнеріне мол еңбек сіңіріп, мәдени тарихымызда елеулі орын алатын режиссерлер қызыл кілемнен өтіп, фестиваль аясында шеберлік сағаттарын өткізетін болады.

Қатысушы режиссерлердің төл туындылары өзіндік ерекшеліктеріне, сахналық  өзгешеліктеріне байланысты Алматы қаласындағы 3 театр сахналарында қалың көпшілікке ұсынылады. Тұңғыш рет өткізілетін фестивальдің деңгейі жоғары, салмағы ауыр, маңыздылығы жоғары болатынына сеніміміз мол. Қазақ театр өнері тарихында алтын әріптермен жазылар сахна саңлақтарының қатарының көбейіп, шығармашылық тәжірибе алмасар кеңістікке айналады деп сенеміз.

https://nazarmedia.kz/almatyda-i-respublikalyk-zhas-rezhisserler-festivali-otedi/

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мақсат Сәбитов: «Негізі кәсіби волейболшымын»

admin

Ғ.Мүсірепов атындағы театр Атырауда

admin

Ғ. Мүсірепов театрына 70 жыл

admin