Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Күні кеше Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Григорий Гориннің «Забыть Герострата!» пъесасы қазақ тілінде («Ұмытыңдар оны») сахналанды. Режиссері Жұлдызбек Жұманбай.

Өткен ғасырдың жетпіс екінші жылы жазылған бұл дүниенің өне бойынан бүгінгі қоғамның суретін айқын көруге болады. Кейіпкерлері де сіз бен біз күнде кезігіп жүрген немесе сырттай танитын адамдар. Өзінің жалған намысы үшін бәріне баратын, керек десең кісі өлтіріп, қылмыскердің түрмеден босап кетуіне жол ашатын Тиссаферндер айналаңызда қаптап жүр. Алыстан болса да танитындарыңыз бар. Тақ адамға әрқашан бақ бола бермейді. Халықты уысыңда ұстай алғаныңмен, қойныңда жатқан әйеліңе ие бола алмасаң, одан асқан қасірет бар ма? Дәулеті үшін кәрілігіне қарамай Тиссаферндерге тиерін тиіп алып, суынған төсегі сорына айналып, жылуды сырттан іздеген Клементинаны да сіз жақсы танисыз. Отыр әне, инстаграммда жұрттың назарын өзіне аударғысы келіп. Олар әрқашан өздеріне деген махаббатқа зәру. Ыстық құшақ түгілі жылы сөздің өзін дәтке қуат етпек. Өтірік болса да сенгісі келеді. Өйткені, тағдыры солай. Бір мемлекеттің тізгінін уысында ұстап отырған бір отбасының өзара ішкі қақтығыстары, кикілжіңдері тұтас елге әсер етіп кететіні қандай жаман?!

Крисиппті де танисыз. Оны алыстан іздеудің мүлде қажеті жоқ. Жаныңызда жүр. Еш пендеге зияны да жоқ, пайдасы да жоқ, саудасы жүрсе болғаны. Бірақ, болмашы тиын үшін өзінен басқаның бәрін сатып жіберуге, сатып кетуге дайын. Міне, оның зияны осы жерде. Ішкі жан дүниесі қандай тайғанақ болса, сырты да, сондай сырғанақ. Қимыл-қозғалысының өзі оның ішкі дүниесінен хабар беріп тұрады.

Түрме күзетшісі де тура осы заман адамы. Естуіңіз бар шығар, сотталып кеткен адамдардың түрмеде отырып алып қазы-қарта жеп, шарап ішіп, шалқып отыратынын. Оның бәрі де түрме күзетшілерінің іс-әрекеті. Геростраттың да тура солар сияқты отыруына жол ашқан түрме күзетшісі. Сот ше? Бейшара сот! Біздің заманымызда да кейде соттардың шарасыздығын көріп жатамыз. Жоғарыдан түскен бұйрық қайткенде де орындалуы керек. Артымен диірмен тартатын мықтылар тұрғанда әділет іздеу де бекершілік. Кім құзіретті болса, сол жеңіп шығады. Бұл жерде сот та дәрменсіз.

Сотта нақты жазасын алғалы тұрған адамның құтылып кетуіне жол ашқан діндар әйелдің, оны Құдайлар жазалайды дейтін сенімі де біздің бүгінгі күнгі күнгі ой-санамыздан алыс кетіп тұрған жоқ. Құдай шынымен құдіретті болса, герострат мешітті өртеп жатқанда қайда қарап тұрды деген қасарысқан сұрақты қоятын кейіпкердің образы да біздің замандастардың ішінде өріп жүр.

Бұл жердегі ең тереңі Герострат. Ғибадатхананы өртеп, өлім жазасына кесіліп тұрған жерінен жұрттың бәрін жынды қылып, екі адамның өліміне себепші болып,   Тиссаферн мен  Клементинаны күнәға батырып, ақыр аяғында өзі бостандыққа шығып кетеді. Бір сәтте бірнеше мәрте құбылған оның жан-дүниесін, ой-санасын, психологиясы мен философиясын түсіну оңай шаруа емес. Күллі дүниені адақтаған Герострат (Мақсат Рахмет) спектакльдің соңында сахнадан түсіп, жәймен басып көрермендердің ішіне сіңіп кетеді. Демек, түрмеден бостандыққа шыққан Герострат халық ішіне сіңіп кетті деген сөз. Иә, Геростраттар біздің ішімізде жүр…

Геростраттың образын барынша шынайы сомдап, оның бет-бейнесін барынша ашқан актер  — Мақсат Рахмет. Әйгілі «Алаш ұлы» тобының белгілі мүшесі, эстрада әншісі. Иә, Мақсатты қалың көпшілік әнші ретінде таниды. Егер мына қойылымды көрсеңіз, актер Мақсатты әнші Мақсатқа бір сәтке де айырбастамас едіңіз. Ол шын мәніндегі дарынды, талантты актер екенін танытты. Өзін қалың көпшілікке танытып қана қойған жоқ, КСРО Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Еңбек ері Асанәлі Әшімовты өнерімен тәнті етті. – Менің жас кезімде есіме түсірді, осының жасында мен Дан-Жуанды ойнап едім,-деп өзінің ризашылығын жасыра алмаған абыз актер Мақсатқа батасын берді. Мақсат шын мәнінде көрерменнің көзқуанышына айналды.

Иә, күні кеше қазақ театр өнерінде бір жұлдыз жанды. Ол – Мақсат Рахмет. Оның жұлдызын күллі көрермен болашағынан зор үміт күтіп жүрген актер-режиссер Жұлдызбек Жұманбай жақты.

Бейбіт Сарыбай

Ақпарат көзі: http://arqas.kz/maqala/834?fbclid=IwAR3-lymXkrOgmWnl_FE_zAHRiI99AzACr_cR8THUu4eogmNf16Le_O1PbFc

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрының құрылғанына 60 жыл толу мерейтойымен құттықтаймыз!

admin

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының тарихы

admin

Саха театры – Алматыда

admin