Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

70-маусымның ұсынған сыйы көп

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының 70-маусымының шымылдығы 14 қазанда екі бірдей қойылыммен ашылған еді.

Күндіз балаларға арналған Е.Әбдірешовтің «Алтын мүйізді киік» ертегі-ойыны, ал кешке М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэтикалық дастаны сахналанды.

Халықаралық студенттер күніне орай, театр дәстүрлі «Айтылмаған махаббат» атты театрландырылған концерттік бағдарла­маны көрерменге тарту етті.
Қараша-желтоқсан айларында театрдың біршама артистерінің еңбектері еленіп, марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, Бақыт Тушаев пен Бейбіт Қамаранов – Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лау­реаттары, Айгүл Иманбаева мен Жібек Бектемір – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы, Лидия Кәден «Парасат» орденінің иегері атанса, музыка бөлімінің  меңгерушісі Торғын Рақымбаева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен мара­патталды.
Сонымен қатар жастар театры Тараз қаласында өткен «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты III Халықаралық актер өнерінің фес­тиваліне Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасымен қатысып, Лидия Кәден Қосүрей рөлімен «Ең үздік эпизодтық әйел бейнесі үшін», Ербол Садырбаев Бебе рөлімен «Ең үздік эпи­зодтық ер адам бейнесі үшін» номина­цияларын иеленді.
Желтоқсан айында Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлігімен балаларға арналған Жаңа жылдық «Томпақпен келген Жаңа жыл» ертегісі қойылды.
Қаңтар айында Мұрат Ах­манов­тың режиссерлігімен Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» драмасының тұсауы кесілді.
Наурыз айында, театрда тұңғыш рет «Алтын сақа» атты балалар спектакльдерінің фестивалі өтті. Фестивальде Байділда Қалтаев атындағы «Ең үздік ер адам бейнесі үшін», Аққағаз Мәмбетова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі үшін», Қасым Жәкібаев атындағы «Ең үздік қосалқы рөлдегі ер адам бейнесі үшін», Әмина Өмірзақова атындағы «Ең үздік қосалқы рөлдегі әйел бейнесі үшін», «Ең үздік эпизодтық рөл»,  «Эпи­зодтық рөлдегі актерлық шеберлігі үшін», «Көрермендер көзайымы», «Ең үздік дебют» номинациялары бойынша марапаттау рәсімі өткізілді.
Наурыз айының соңында театр көрер­менге М.Әуезовтің «Телғара» (Жас Абай) трагедиясын ұсынды. Режиссері – Жанат Хаджиев.
Сәуір айында театрдың актриса­сы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Тынышкүл Сұлтан­бер­дие­ваның 60 жас мерейтой кешіне арнап Альберт Гернидің «Махаббат хаттары» драмасы сахналанып, көркемдік кеңестің қабылдауымен мамыр айын­да тұсаукесері өтті.
Сәуір айының 20-30 аралығында түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс – бір дауыс» атты Түркітілдес театрлардың 9 халықа­ралық фестиваліне «Қара шекпен» спектаклімен қатысып,  «Үздік спек­такль» жүлдесін жеңіп алды.
18-20 мамыр аралығында Көк­шетау қаласында өткен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған театр жастарының II Халықаралық «Дидар» театр-өнер эксперименталды фестиваліне   дарынды актерлер Данияр Базарқұлов (Ол) пен Ерлан Кәрібаев (режиссер) Е.Аманшаевтың «Ол» моноспектаклімен қатысып, «Ең үздік қойылым» жүлдесіне ие болды.
Маусым айының 17-18 күндері мау­сымның соңғы премьерасы – Уильям Шекспирдің «Бір сен үшін тудым…» (Ромео мен Джульетта) трагедиясы көрерменге жол тартты. Спектакльді қойған – режиссер Жұлдызбек Жұманбай.
Ал 20 маусым күні КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовтың өмірі мен шығар­машылығына арналған «Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасы сахналанды. Авторы – Бақыт Беделхан, режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Осылайша, театр 70-маусымында көрерменге көптеген сый ұсынды.

Гүл Бекзат

Ақпарат көзі: http://aikyn.kz/ru/articles/show/25866-70-mausymny_syn_an_syiy_k_p

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Театрымыздың 70-ші маусымда көрерменге ұсынған “Бір сен үшін тудым…” (Ромео мен Джульетта) қойылымы – ‪#‎ҚайырлыКүн‬ бағдарламасы бейнематериалында.

admin

“Еркекше”: 50 жасқа толған танымал актер мерейтойын қалай өткізеді

admin

Құттықтау!!!

admin