Актер
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Жылы: Тауық (1981 жыл)
Жұлдызы: Сарышаян (16 қараша)
Сусыны: су
Тағамы: ет, қуырдақ
Әншісі: У.Хьюстон
Актері: Т.Хэнкс, Н.Кидман, Л.Ди Каприо
Ақыны: Абай, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Т.Айбергенов
Көлігі: BMW
Өмірлік ұстанымы: «Шалқайғанға шалқай – ол Құдайдың ұлы емес, Еңкейгенге еңкей – ол әкеңнен қалған құл емес»
Данияр БАЗАРҚҰЛОВ, актер:
АҚШ-ТА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫП, ЕКІ БІРДЕЙ ЖҮЛДЕНІ ЖЕҢІП АЛДЫҚ
ДОСТАРЫМЫЗДЫҢ АРАСЫНДАҒЫ ЕҢ ДАРЫНСЫЗЫ МЕН БОЛАТЫНМЫН
- Данияр аға, өзіңіз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз…
- Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Жоламан Базарқұлов та актер еді. Драма және кино актерлері Р.Қалиолдина, Б.Әлпейісовтермен бір курста оқыған. Әкем Арқалық қалалық қазақ жасөспірімдер театры, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қалалық қазақ музыкалық-драма театры, Атырау облыстық драма театрларында қызмет етті. Амал қанша, осыдан тоғыз жыл бұрын ол кісі өмірден озып, жиырма үш жасымда әкесіз қалдым.
Кіндік қаным тамған жер – Алматы қаласы, бірақ балалық шағым Жезқазғанда өтті. Мектепті сонда оқып бітірдім. Анам, үш қарындасым, бір жиенім – бәріміз бірге тұрамыз. Анам Гүлнардың өнерге қатысы жоқ, бірақ жиырма жыл актердің жары болды. Менің қойылымдарыма келеді, бағасын әділ беріп, сынын айтады. Қарындастарымның ешқайсысы өнер жолында емес, өз басым оған қарсымын. Өнер жолы қыз балаға қиын деп ойлаймын, сәтсіздіктер де көп болады. Ең кенже қарындасым – он жаста, 5-сыныпта оқиды. Сол қарындастарыма қамқоршы аға, әке орнына әке болып жүрген жайымыз бар.
- Бала күнгі арманыңыз қандай?
- Әкеміздің талабымен актер болу керек деп жүрдік, бірақ менің бұл салада ешқашан жұмыс істегім келмеді. Әскери адам немесе заңгер болғым келген, мінезім де осы мамандықтарға сай еді. 5-сыныптан бастап күреспен айналыстым. Негізі, мектепке ерте барып, 1998 жылы, он алты жасымда бітірдім. Ол кезде заңгер мамандығына түсу оңай емес. Отбасымызда қаражат жағынан қиындықтар болып, ата-анамның «Ол жаққа түсіре алмаймыз, бір жыл күте тұр, келесі жылы түсерсің» дегеніне қарамастан балалыққа салынып, мектеп кезінен бірге өскен достарыммен – үш бала Алматыға келдік. Достарым шетінен өнерлі. Арамыздағы ең дарынсызы мен болатынмын. Не ән айтпаймын, не гитара, не домбыра тартпайтынмын. Қызық болғанда, «әртіс боламын» деп келген бала түсе алмай қалып, керісінше, қалған екеуміз оқуға қабылдандық. Музыкалық драмаға түсіп алып, 2-курсқа дейін әбден қиналдым, өтініш жазып кетіп қалу туралы да ойландым. Бірақ жанымда жолдастарым оқуымды ары қарай жалғастыруға көндірді. 3-курстан кейін үйреніп, 4-курста ең жақсы деген рөлдерде ойнап, дипломдық жұмысты «беске» қорғадым. Біз бітірген жылы Орал қаласында жаңадан театр ашылып, сонда жіберді. Ұл-қызы аралас жеті бала болып бардық. Филармонияда жүргізуші, радиода диктор болдым, колледжде, мектепте сабақ бердім. Осыншама жұмыстың тізгінін ұстап жүріп сол жақта сегіз жыл уақытымның қалай өткенін білмей қалыппын.
- Театр саласында жеткен жетістіктеріңізге тоқталсаңыз…
- Орал қаласында үлкен өнер мектебінен өтіп, көптеген образдарды сомдадым. Сонда жүріп Америкада өткен Чехов атындағы халықаралық фестивальға қатыстым. АҚШ-қа Асхат Маемиров екеуміз (бұл кісіні өзімнің сүйікті режиссерім десем де артық болмас) Эдуард Олбидің «Зоопарктегі оқиға» деген қойылымын алып бардық. Екі-ақ адам қатысатын елу минуттық қойылым жақсы бағаланып, лауреат атандық. АҚШ-тың көрермендері мен сыншылары өнерімізге тәнті болды. Ең қызығы, қойылымды қазақ тілінде қойдық. Көрермендер қазақ тілін білмесе де, біздің іс-әрекетімізден бәрін түсініп отырды. Сізге өтірік, маған шын, біз елу минут қойылым қойдық, сонда көрермендер отыз минут қол соғып тұрып алды. «Ең мықты қойылым», «Ең мықты актер» аталымдарын жеңіп алыдық. 2010 жылы елімізде өткен Орта Азия елдерінің фестивалінде А.Маемировтің «Зоопарктегі оқиғасымен» тағы қатысып, бүкіл Азия халықтары театрларының арасында «Ең үздік ер адам» бейнесін жеңіп алдым. Бұл байқаулардан кейін кино саласына бет бұрсам ба деген ой болған. Адамда шексіз арман болады ғой, сол арманмен Оралдағы театрда жұмыс істеп жүрген жерімнен бір күнде өтініш жазып шығып, Алматыға келдім.
- Қазіргі уақытта қайда жұмыс істеп жүрсіз?
- 2010 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрына келдім, содан бері осындамын. Сондай-ақ әнші, актриса Айгүл Иманбаеваның «А.И.» музыкалық театрында қосымша жұмыс істеймін. Ол театр ұжымымен де бірталай жетістіктерге жеттік. Украинада өткен байқауда «Медея» қойылымымен гран-при алдық.
- МЕН ӨЗ РЕЖИССЕРІМДІ КҮТІП ЖҮРМІН
- Мектепте үлгілі оқушы бола алдыңыз ба?
- Мектепте сабақта «төрт» пен «беске» оқыдым. Кішкене тентектеу болдым, бірақ мұғалімдерден көп сөз ести қоймайтынмын.
- Отбасында қандай әкесіз?
- Адина деген бес жасар қызым бар. Өзімді қамқор әкемін деп ойлаймын. Жалпы, мен өте балажан адаммын. Бала – менің ең әлсіз тұсым. Сәбиді көрсем, барлық нәрсені ұмытамын.
- Кино саласына қалай келдіңіз?
- Көптеген кастингтерге барып, өте алмай қалатынмын. Кейіннен эпизодтарға шақыратын болды. Кастингке барғаныммен, «Сәлеметсіз бе?!» деген сөзбен ғана шығып кететін кездер көп. Не өзіңнің кәсіби деңгейіңді, не шеберлігіңді көрсете алмайсың. Сөйтіп, он шақтысына бардым. Кейіннен «Агент Z» киносындағы эпизодым режиссерге ұнап қалып, «Бапкер» деген телехикаяға шақырды. Сонда басты рөлдердің бірін сомдадым. «Бапкерден» кейін бір жыл киноға түспедім. Себебі тек эпизодтарға шақыратын, әр жерден жылтыңдап шыға бермейін деп бармадым. Ол – тәкаппарлық емес. Жігіттер: «Неге өзіңше боласың, бара бермейсің бе? Қайта елдің көзіне көрінесің ғой», – дейді. Бірақ мен өз бағамды білетін адаммын, әр жерден жылтыңдай бергенмен ештеңе шықпайды. «Жақсы рөл болса болар, болмаса киноға түспей-ақ қойсам да болады емес пе?» деп жүргенмін, бір күні «Қара шаңырақ» деген телехикаяға басты рөлдердің біріне шақырды. «Қара шаңырақты» Қ.Мұстафин, А.Сахаманов, Ә.Матжанов, Е.Лисасина деген төрт режиссер түсірді. Менің рөлім – басты рөлдердің бірі, жағымсыз кейіпкер. Бұл туындыда соңына дейін жағымсыз кейіпкер болып келіп, кейіннен өз қателіктерін түсініп, жақсы кейіпкерге айналатын образды алып шықтым.
- Қай рөліңіз актерлік шеберлігіңізді көрсетіп, халыққа танымал етті деп ойлайсыз?
- Қазірше көңілімнен шығатын, шеберлігімді толық көрсететін кейіпкерді сомдадым дей алмаймын. Маған өзімді мықтымын, нақты ашылдым деп айтуға әлі ерте. Мен өз режиссерімді күтіп жүрген актермін. Өзгеге ұқсамайтын, ерекше бейне жасағым келеді. Қазір кино саласында қандай да бір іс тындырдым дей алмаймын. Енді ғана бастап жатырмын. Алла қаласа, өзімнің актерлік шеберлігімді көрсететін, мені ашатын образым әлі алда деп ойлаймын.
- Ал театр сахнасынан айта аласыз ба?
- Театрға келсек, осы 12-13 жылдың ішінде елуден аса образ сомдадым. Солардың ішінде өз көңілімнен шыққандары бар. Оларды атап мақтанғандай болмайын. Бағасын халық берсін. Десе де, А.Маемиров Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» пьесасын «Қасірет драмасы» деген атпен қойды. Сонда Ол деген кейіпкер бар. Аты қойылмаған, жолы болмаған ақын. Әрине, өмірде жолым болмады деп айтпаймын, бірақ пәтерден-пәтерге көшіп жүру – өз басымнан өткен нәрсе. Басын тауға да, тасқа да ұрады, соңында әруақтар елестеп, о дүниеге аттанып кетеді. Сол образ – өзіме ең жақын образдардың бірі. Себебі оң жамбасыма келетін, актерлік шеберлігімді, кәсіби деңгейімді толық көрсететін рөлдердің бірі осы кейіпкерім болды. Сондай-ақ мен үшін актер ретінде екі мәрте халықаралық деңгейге көтерген «Зоопарктегі оқиға» қойылымы ыстық. Мен оны жақсы көремін. Сонымен қатар осы Ғ.Мүсірепов атындағы театрда «Бұлбұлдар түні» қойылымында Федоровский деген образды айтсам болады. Оралда жұмыс істеген кезімде бірыңғай жағымды кейіпкерлерді ойнасам, Алматыға келгелі төрт жылдың ішінде тек жағымсыз кейіпкерлерді ойнап жүрмін. Бір ғана жағымды кейіпкерім – «Фатима» қойылымындағы Біләл. Кинода да солай, бірақ жағымсыз образдарды сомдау өзіме ұнайды.
БАРҒА ШҮКІРШІЛІК, ҚАНАҒАТ ДЕЙМІН
- Бала ғашығыңыз немесе алғашқы махаббатыңыз туралы айтсаңыз…
- Мектеп кезінде тентектеу болғаннан шығар, қыздармен дос болған емеспін. 11-сыныпта оқитын кезімде 9-сыныптағы бір қызды ұнатып қалып, оған төбеден түскендей «Менің қызым боласың!» дегенім бар. Қыз: «Қойыңыз, не деп тұрсыз?! Сіз маған ағасыз ғой», – деп кетіп қалды. Мен ол қызды ұнатып жүрсем, ол менің жан досымды жақсы көріп қалыпты. Соған ашуланып, ұйықтай алмаған түндерім де болған. Сонда қыз үшін өмірімде бірінші рет көзімнен жас шыққан. Досым да ол қызбен жүрмеді, мен де жайыма кеттім. Өйткені жолдасым екеумізге ең алдымен достық қымбат еді. Бала кезімізден жеті бала бірге өстік. Бір тілім нан болса, соны жетіге бөліп жедік, әлі күнге дейін доспыз.
- Арманыңыз бар ма?
- Әрине, әр адамның өз арман-мақсаты болады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді, армандар орындалса екен деп тілеймін. Мен соғыс туралы киноларда әскерилерді, тарихи тұлғаны сомдағым келеді. Жанып тұрған рөлдерді, жарқын образдарды армандаймын.
- Қазіргі кино саласына көңіліңіз тола ма және қандай киноларға түссем деп тілейсіз?
- «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Менің жеке пікірім, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Алты жасар Алпамыстан» асқан кинолар түсірілген жоқ. Менде танымал режиссердің киносына түссем деген мақсат жоқ. Кім түсірсе де бәрібір, бірақ туындысы, айтар ойы сәтті шығып, тарихта қалатындай дүние болса, мен кез келген рөлді ойнауға дайынмын.
- Өзіңізді жұлдыз санайсыз ба?
- Керемет жұлдыз болып кеттім дей алмаймын, халыққа бергенімнен берерім әлі көп. Аспаннан көріп жүрген жұлдызымыз осыдан 200 жыл бұрын сөніп қалған жұлдыз екен. Кейбіреулер өздерін жұлдыздармен салыстырып жатады. Менің ойымдағы жұлдыз – Майкл Джексон, бүкіл адамзат тарихындағы біртуар адам. Жұлдыз емес, бір досым «Шам жанады, одан кейін ол күйіп кетеді» дейді. Күйгеннен кейін оны алып тастап, орнына басқа шам қоямыз. Өнер де сол сияқты. Сондықтан шам мен жұлдызды шатастырмау керек.
- Қаншалықты қанағатшылсыз?
- Барға шүкіршілік, қанағат деймін. Бірақ арман-мақсатым әлі орындалған жоқ. Өнер саласында республикадағы ең үздік ер адам атансам деген арманым болған, бірақ оны бүкіл халықаралық байқаудан алдым. Сол кезде ол маған мақсат болып қалды. Ешқашан біреуге бірдеңені дәлелдеу үшін істемеймін. Осы мамандықты таңдадым ба, сол мамандақтың кәсіби иесі болуым керек. Асабалық өнерім бар, тойларды екі тілде жүргіземін. Онсыз тағы болмайды, қаражат, күнкөріс деген сияқты. Шақырған жерден қалмауға тырысамын.
Сұхбаттасқан Қырлан САЛҚЫНБАЙ, kyrlan_93@mail.ru
ҚЫЗЫҚ ОҚИҒАСЫ
«Қара шаңырақта» бір қызық оқиға болған. Өте бір салмақты түсірілім болатын күн. Мен қаржы директоры болып ойнаймын, бастықпен сөйлесіп отырған эпизодты түсіру керек болды. Сөйлесіп отырсақ, бастық рөліндегі Азамат маған қарап: «Кешір, Даник, кешір», – деп күле береді. Күн ыстық, маусым кезі. Түсірілім тобы қайта-қайта тоқтатып грим жасайды. Маған қайта-қайта грим жасап кетеді, мен образға кіріп ойнап жатырмын. Сөзімді айта бастасам болды, Азамат қайта күледі. Сонымен 3-4 рет түсірілім жасадық, ақыры шыдамай кеттім. Бір кезде Жайна деген режиссер қыз: «Неге Ленин сияқты болып отырсың?» – дейді. Ашуланып: «Кім Ленин?» – деп қоямын. Бір кезде бүкіл түсірілім тобы шулап: «Келіңдер, суретке түсейік!» – деп жатыр. Мен түсінбей: «Не болды?» – десем, грим жағатын қыз келген сайын бетіме қара бояу жаға беріпті, мұрт та салған, әбден бояпты. Ал мен грим жасап жүр екен деп образға кіріп ойнап отырмын. Бір сөзбен айтқанда, менен сайқымазақ жасапты. Азамат соған шыдай алмай күлген екен.