Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

“Соңғы парыз” романы Мүсірепов театрында “Сең” атауымен сахналанды

Қазан айының 20 күні Алматы қаласы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Сең» қойылымының премьерасы өтті. Ол жазылғаны отыз жыл болса да, әлі бір де бір рет сахналанбаған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының желісі бойынша жасалған.

Театр сахнасына ыңғайландырылған сценариін жазған қоюшы-режиссер  – Сырым Асқаров.

Қоюшы-суретші – Есенгелді Тұяқов, Нұрила Медетбек

Композитор – Шырын Базарқұлова, Әділжан Толықбаев

Режиссердің асистенті, көмекшісі – Толқын Нұрбекова, Әлия Әбсаттарова

Қойылымда басты тақырып бала кезден бірге өскен үш жастың арасындағы махаббат пен Арал теңізінің тағдыры болғанымен, одан да өзге бірнеше тақырып қатар қозғалады.

Екі басты кейіпкер Жәдігер (Руслан Ахметов) мен Әзімнің (Данияр Базарқұлов) бірі жағымды, бірі жағымсыз дей алмайсыз. Екеуі де бір жерде туып-өскен, жақсы дос болған. Алайда белгілі мәреге жеткен кезде тағдыр екеуінің жолын ажыратады, көзқарастары да екі түрлі қалыптасады. Екеуі де болашақты ойлайды, ойлары бір жерден шықпайды.

Көз алдыңызда ата қонысын тастап үдере көшіп жатқан ауылды көргенде, туған жердің қадірін жете түсіне түсесіз. Басына күн тумаса, адам жай күнде қолдағысының қадірін біле бермейді. Ал басқа амалдың жоқтығынан, атамекеннің ас болмайтынын біліп, оны тастап кетудің азабын басына түспеген жан түсіне қоймас.

Әйел адамның қоғамдағы орны, бұрынғы қатал тәрбие мен қазіргі заманның кері әсер еткен тұстары да жақсы қозғалады. Әйел адам қанша ашуланса да, еріне бір шай бермей жолға шығармайтынын тілге тиек етіп, кеңес заманындағы әйелді ермен теңестіреміз деп, енді басына шығарып алғанын себеппен айтып, халыққа ой салуды қалайды.

Ал басты кейіпкерлердің бірі Бәкизат (Толқын Нұрбекова) туралы қойылымды көргенде бір ой, кітапты оқығанда басқаша ой түюіңіз мүмкін. Театр сахнасында көбіне жеңілтек, тек өз басын ойлайтын, махаббат үшін ғана жаратылған әйел заты екенін көрсетсе, кітап бетіндегі бейнесі бойынша басқа амалының жоқтығын көбірек баяндап, жанашырлық сезімін оятады. Оның орнында болсам өзім қайтер едім деген ой салады. Қалай болғанда да әйел адам бастапқы жасаған таңдауына қарсы шығуы жарамас. Аттаған табалдырығы мен таңдаған азаматынан кетіп опа таппайтыны тағы бір дәлелденеді.

Тұтас романды екі сағаттық қойылымға сыйғызу оңай емес. Қойылымға барар алдында шама келгенше кітабын оқып алған жөн. Кітаптан түсінбегеніңді қойылымнан түсінесің, ал қойылымдағы түсініксіз болған жерін, керісінше, кітаптан жақсы ұғынуың мүмкін, екеуі бірін-бірі толықтыра түседі. Романда баяндауы басқаша, не болатынынын басында-ақ айтып қояды, ал театрлық қойылымында көрерменін соңына дейін жіпсіз байлап отыратын интрига бар.

Ақпарат көзі: https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/teatr/48778/

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СТИПЕНДИЯСЫ ИЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ!

admin

«Көңіл толқыны». Талғат Теменов шығармашылығы

admin

Жамбыл облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты 2021 жылғы 29 тамыз – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

admin