Казахский Государственный Академический театр для детей и юношества имени Габита Мусрепова
  • Басты бет
  • Новости СМИ
  • Данияр Базарқұлов: Тұзардың кейпін кешкендіктен, «Қара шекпен» маған қатты әсер етті
Новости СМИ Новости учреждения

Данияр Базарқұлов: Тұзардың кейпін кешкендіктен, «Қара шекпен» маған қатты әсер етті

«Мүсірепов» театрына 70 жыл» 

 Жақында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Қара шекпен» атты қойылымның премьерасы болып өтті. «Қара шекпен» – адамдар арасындағы шындықты жануарлар бейнесі арқылы көрсететін мысал жанрындағы қойылым. Сәті түссе, қойылымды оқырмандар өздері көрер.

«Қара шекпен» қойылымының басты кейіпкері – Тұзар иттің рөлінде ойнаған әртіс Данияр Базарқұловтан сұхбат алған едік…

—         Ассалаумағалейкум, Данияр аға! Реті келіп тұрғанда, «Қара шекпеннің» өте сәтті шыққан қойылым екенін айта кетейін. Бұл қойылым адамдар кейде хайуанның деңгейінен де төмен түсіретін іс-әрекеттер жасайды дегенді меңзейді ғой. Басты рөлде ойнаған әртіс ретінде Сіз өзіңіз «Қара шекпеннен» қандай тағылым, нендей өнеге алдыңыз? Қойылым сіздің өзіңізге қалай әсер етті?

—         Жалпы мен осы уақытқа дейін театр сахнасында елу шақты рөлді сомдаған болатынмын. «Қара шекпендегі» Тұзар иттің рөлінде ойнау маған солардың бәрінен ауыр тиді. Физикалық жағынан да, психологиялық жағынан да қиын болды. Физикалық жағынан қиындығы – иттің рөлінде ойнағаннан кейін қойылым барысында әрі-бері жүгіруге, тынымсыз қозғалыста болуға тура келді. Ал психологиялық жағынан қиындығы – мен мұнда адалдығынан жазықсыз жапа шеккен кейіпкерді сомдадым. Тұзар иттің рөлін сомдауым – мені шынайы өмірде кейбір сенген достарымның сатып кетуімен тұспа-тұс келді. Өмірімдегі қарама-қарсы қайшылықтар мен сомдаған Тұзар иттің тағдыры сәйкес келгендіктен, қойылымды шын жүрекпен ойнадым.Тұзардың кейпін кешкендіктен, «Қара шекпен» маған қатты әсер етті. Көрермендердің де жүрек қылын шертті деп ойлаймын.

—         «Қара шекпен» қойылымының режиссері Асхат Маемиров басты рөлге неліктен Сізді таңдады?

—         Режиссер рөлдерге әртістерді тағайындағанда, әр әртістің ішкі жай-күйіне, табиғатына, жан дүниесіне үңіледі. Көптеген спектакльдерін көріп, ұзақ уақыт сырттай бақылайды. Қандай қарқында шаба алатынына қарайды. Ойланып-толғанып барып, Асекең басты рөлді маған берді. Жас режиссер Асхат Маемиров – өте ізденімпаз, еңбекқор, жаңаша ойлайтын, тың идеяларды көтеріп жүретін адам. Біз, Асекеңмен 2009 жылы АҚШ-тың Конектекут штатының Ричвельд қаласында өткен Михаил Чехов атындағы байқауға барып келген болатынбыз. Эдгард Уолбидің «Зоопарктегі оқиға» қойылымын қойдық. Онда да мен басты рөлде ойнадым. Аталмыш байқаудан «Ең үздік қойылым», «Ең үздік әртіс» номинацияларын жеңіп алдық.

—         Аға, бір сөзіңізде елу шақты рөлде ойнадым дедіңіз. Жаныңызға жақын келгені қайсысы?

—         Иә, елудей рөлде ойнадым. Оның қырық бесін Орал қазақ драма театрында жұмыс жасап жүргенде сомдадым. Драматург Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» деген пьесасындағы ақынның рөлі жаныма өте жақын болды. Бұл пьесаның да қоюшы режиссеры – Асхат Маемиров. Бұл қойылымда ақынның аты жоқ, «Ол» деп бейнеленеді. Өмірде жолы болмаған ақынның тағдыры да менікіне ұқсайды… Сонымен қатар, Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасындағы» Ромеоның бейнесі де жаныма жақын болды. Бұл қойылымды Қуандық Қасымов деген режиссер қойды. «Ромео мен Джульетта» әлемдік деңгейдегі классикалық туынды болғандықтан, Ромеоның рөлінде ойнағаннан соң, әртістік шеберлікте бір саты жоғарылағанымды сездім.

—         Өзіңіздің өмір жолыңыз жайлы толығырақ айта кетсеңіз…

—         Мен 1981 жылы 16 қарашада Алматы қаласында туылдым. Балалық шағым Жезқазғанда өтті. Жоғары білімді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер акдемиясында алдым. 2002  жылы оқуды бітірген соң,Орал қаласына жұмысқа шақырылдым. Орал қазақ драма театрында 9 жылға жуық жұмыс жасап, бес жыл бұрын Алматыға келдім. Менің әкем Жоламан Базарқұлов деген әртіс болатын. Ұзақ жылдар Жезқазған және Атырау театрларында жұмыс істеген. Махамбет батырдың 200 жылдығында Атырау театрының «Махамбеттің бір күні» қойылымында басты рөлде ойнаған еді. Бақытжан Әлпейісов, Райхан Халиолдина, Еркін Әбдірешов деген секілді аға буын әртістермен әкем курстас болып, бірге оқыған.Есім Сегізбаев, Татьяна Қасымова, Шолпан Жандарбекова сияқты танымал өнер қайраткерлері оларға ұстаз болған. Әкемнің қайтыс болғанына он жылдай болды. Мен, міне, әкемнің жолын қуып келемін.

—         Орал қаласының қазақ драма театрына қалай бардыңыз? Кейін Алматыға қалай келдіңіз?

—         Оралға 2002 жылы Өнер академиясын бітірген жеті жігіт жолдамамен бардық. Мен ол кезде 20 жаста едім. Театр өнеріне алғаш Орал қаласында қадам бастық. Сахнаға алғаш Орал театрында шығып, өнер әлемінде тұсауымыз кесілді. Орал театрында тәжірибе жинап, әртіс болып қалыптасып, шеберлігімізді шыңдадық. Бір сөзбен айтқанда, Оралда әртіс ретінде қабырғамыз қатайып, бұғанамыз бекіді. Біз Ақ Жайық өңірінен қанаттандық. Оралдың жұртшылығы да өнерге ерекше құштар, театрға айрықша сүйіспеншілікпен, өзгеше ынта-ықыласпен келеді.Сол себепті, Орал өңірі маған өте ыстық. Онда менің өмірімнің бір бөлігі қалды.Ал, Алматыға кино әлеміне қадам басу үшін келдім. Өйткені, Оралда оған мүмкіндік жоқ.

—         Өнер ордасы Алматыда қызмет етіп жүрсіз. Алыс аймақ Оралда да жұмыс істедіңіз. Арасында қандай айырмашылық бар екен?

—         Негізінде, облыстардағы театр әртістері мұндағыларға қарағанда көбірек еңбектенеді. Себебі, облыстарда әртістер театр өнеріне бар күшін сарқа жұмсайды.Ал, Алматыдағы әртістер киноға да, жарнамаларға да түскендіктен, театр өнеріне уақытының белгілі бір мөлшерін ғана бөледі. Алайда, облыстарда өнеріңді сол өңірдің халқы ғана тамашалап, бағалайды. Ал, Алматы секілді ірі қалада өнеріңді бүкіл республикаға паш етуге мүмкіндік бар. Тіпті, Асанәлі Әшімов секілді майталман әртістер де келіп, ақыл-кеңесін айтып жүреді.

—         Кәсіби әртіс ретінде бүгінгі қазақ театр өнеріне қандай баға бересіз?

—         Театр өнеріне бағаны көрермендер бере жатар. Мен қазіргі әртістерде жұмысына салғырт қарау бар екенін айта кетейін. Театр өнеріне келген соң, сол әлемнің отымен кіріп, күлімен шығу қажет деп есептеймін. Меніңше, бізге, әртістерге көбірек еңбектену керек!

Zoc7ahTDhFE—         Театрға келетін көрермендердің санына көңіліңіз тола ма?

—         Театрға келетін көбіне жастар. Бірақ, кейде әскери борышын өтеп жұрген жауынгерлерді, мектеп оқушыларын үгіттеп әкеліп, отырғызып қоятынына ренжіп жатамыз. Ондай болмау керек. Адам театрға рухани азық алу үшін өз ынта-ықыласымен келуі қажет. Жастарға айтарым: түнгі клубтар мен жынойнақ барлардан гөрі театрға келгендерің өздерің үшін өте пайдалы.

—         Данияр аға, мықты әртіс болу үшін қандай қасиеттер керек?

—         Бірінші кезекте, әрине еңбекқорлық қажет. Драматургиялық шығармаларды көп оқу керек. Әртүрлі театрлардың әртүрлі қойылымдарын көру керек. Шет елдерге шығып, өзге халықтардың театр өнерінен хабардар болу керек. Меніңше, мықты әртіс болам деген адам үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс.

—         Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

—         Менің дәл қазіргі мақсатым – кино және театр әлемінде мықты әртіс болып қалыптасып, өнер әлемінде аяққа тұрып алу. Содан кейін қартайғанша әртіс болып жүреміз бе, қырықтан кейін режиссерлыққа кетеміз бе, Алланың бұйыртқанын көре жатармыз.

—         Данияр аға, ал қандай киноларға түстіңіз?

—         Алматыға келген бес жылдың ішінде 15 шақты эпизодта ойнадым. Сонымен қатар, «Бапкер» атты телесериалдың басты рөлі бұйырды.Ал бағымды ашқан рөл – 100 сериялы «Қарашаңырақ» телехикаясындағы басты рөл Жәнібектің бейнесі. Жәнібек жағымсыз, арам кейіпкер болғандықтан, бастапқыда рөлге ену қиын болды. Біреудің аяғынан шалып, қызмет бабында көтерілуді мақсат ету – менің табиғатыма мүлде жат нәрсе. Алғашқы кезде ондай пасық мінезді адамның рөліне үйрене алмай жүрдім. Кейін бір үйреніп алған соң рахат болды (күлді). Рөлімді сәтті алып шықтым деп ойлаймын.

bXGM_ei7JGI—          Театрда жұмыс істейсіз. Кино өнерінің де дәмін татып көрдіңіз. Екеуінің арасында қандай айырмашылықтар бар екен?

—         Театр өнерінің жауапкершілігі күрделірек. Өйткені, қойылым барысында дәл сол сәтте, дәл сол мезетте кейіпкердің ішкі тебіренісін, көңіл-күйін бет құбылысыңмен, қимылыңмен көрсете білу талап етіледі. Театрда көрермендер әртісті тікелей көріп, тікелей бақылап отырады. Ал кино түсіру барысында әртістің ағаттығы дубль, монтаж арқылы түзетіледі. Дегенмен, көбіне әртістердің кино арқылы бағы жанады. Кино арқылы танылып, еңбегі ақталады.

—         Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

—         Еңкейгенге еңкей, басың жерге тигенше – ол әкеңнің құлы емес, Шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше – ол пайғамбардың ұлы емес.

—         Бос уақытыңызда не істейсіз?

—         Ән айтамын. Фитнес клубтарына барып, спортпен шұғылданамын. Уақыт болмай спортты тастап кететін кездер де болады. Кейде бұлшық еттерім бұлт-бұлт ойнап жүремін, кейде денем босап кетеді (күлді).

 Әңгімеңізге рахмет! 

 Алпамыс ФАЙЗОЛЛА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бүгіннен – болашаққа

admin

Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі

admin

«Алдар көсе» рэп билеп жүр…

admin