Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Біздің сүйікті анамыз тірі

«Биыл Əмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуын ЮНЕСКО көлемінде атап өтеді». Осы ақпаратты естігенде, «Мəссаған, ол кісі де жүзге келген бе?»
деппіз. Иə, рөлдері арқылы біздің ең жақын адамымызға айналған жан үнемі жанымызда жүрген сияқты, тірі сияқты. Бəріміз сүйіп көретін əйгілі «Тақиялы періштедегі» Тана апа нақ Əмина апаның өзі дерсің. Жақсы қыз көрсе баласына, немересіне таныстырғысы кеп тұратын апаларға: «Түу, сіз де бір жүрген Əмина Өмірзақова екенсіз ғой», – дейміз күле. Тана апа демейміз. Менің де апамның кейде қонақ келгенде өзінен-өзі сызылып қалатын кезі болады. Сондайда əпкелерім: «Апам Ниязеке боп қалыпты ғой», – дейді. Сөйтеміз де сықылықтап күлеміз. Ол да Əмина апаның рөлін көрерменнің жүрегіне жеткізе ойнағанының əсері ғой. Замандас ақсақалды көргенде, Тана апайдың «Ниязеке» деп майыса қалатыны естеріңізде шығар, ə?

Ғ.Мүсірепов театры əйгілі актрисаның мерейтойын бірінші болып атап өтуді жөн санапты. Орынды. Өйткені Əмина Өмірзақова өмір бойы осы театрдың отымен кіріп, күлімен шыққан. Бұл күн өнердің нағыз хас шеберлерінің, шын көрерменнің жиналған мерекесі болды. Театрдың ішіне кіре салғанда-ақ Əмина апаға арналған көрме көздің жауын алды. Ұлттық кітапхана ұлы актриса жайлы бар байлығын көшіріп əкеліпті. Əмина апа туралы шыққан əр газетті, журналды, кітапты парақтап оқуға да рұқсат берді. «Ана туралы аңыз» атты еске алу кешіне жиналған жұрт концерт қана тамашаламай, сарғайған газет-журналдардың тігінділерін де ақтарып мəз боп қалды. Ал біз Əмина апаның өмір жолына там-тұмдап шолу жасап көрдік.

Əмина апа Шығыс Қазақстан өлкесінің тумасы. Əкесі ерте қайтыс болған. Үйінің үлкені Қаптағай аға да, əке де болып, бауырларын қамқорлықпен өсіреді. Көпестің қоластында жүріп əріп үйреніп, соның қызын алып, кейін жұмыс бабымен Алматыға қоныс аударады. Сол кезде шешесін, соңынан ерген бауырларын бірге ала келеді. Əмина апаның балалық шағы ашаршылық жылдарына тұспа-тұс келген. Апа естелігінде: «Жағдай өте ауыр еді. Көшкен кезде жолай теңкиіп-теңкиіп адамдар өліп жататын. Шешем бізді қорқып қалмасын деп, жанынан өтіп бара жатқанда көзімізді қолымен жаба қоятын. Бірақ біз бəрін білетінбіз», – дейді. Алматыға келсе, мұнда да жағдай мəз емес екен. Əмина апаның еті тірі болыпты. Сабақтан соң базарға барып балық сатыпты, радионың хор труппасында əн салыпты. Сөйтіп отбасына көмектесіпті.

Бірде бір хабарландыру оқып қалады. Ленинградқа актерлықты оқуға жастарды жинап жатыр екен. Əмина апа бірден шешім қабылдайды. Қалайда сонда оқуды ұйғарады. Ол кезде жасы небəрі 15-те еді. Міне, он бес жасар қыздың шешімі оны даңғыл, дара жолға салады. Алғашқы еңбек жолын Шымкенттегі драма театрдан бастайды. Бірнеше айдан соң М.Əуезов театрына ауысып келеді. Бірақ ол жерде де көп тұрақтамайды. Қысқартуға ілігіп, жұмыстан шығып қалады. Актриса боп жұмыс істеуіне отбасылық жағдайы да кері əсер етеді. Өйткені ағасы Қаптағай «халық жауы» деген атпен ұсталған еді. Алайда Ленинградта оқып жүргенінде Əмина апа ағасын аман алып қалу үшін талай есікке кірген. «Менің əсерім болды ма, əлде құдайдың көзі түзу болды ма, ағам аман-есен үйге оралды» деп еске алған екен. Жұмыссыз қалғасын «Қазақфильмге» монтажер боп орналасады. Сонда жүріп киноға түсе бастайды. Наталья Сацпен танысып, қазіргі Ғ.Мүсірепов театрына актриса болып қабылданады. Содан өмірінің соңына дейін осы театрда қызмет еткен.

Əмина апа соңынан ерген əріптестеріне өте қамқор болыпты. Ол туралы Лидия Кəденова былай деп еске алады:
«1973 жылдың аяғында театрға келдім. Сол кезде Əмина апаның театрда жұмыс істегеніне 25 жыл болыпты. Қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Бір күні
екінші қабаттың баспалдағынан аяғымды ақсаңдай басып түсіп келе жатқам. Əмина апа алдымда бүйірін таянып маған тесіле қарап тұр. «Ей, қыз, неменеге мені мазақ қылып тұрсың?» – дейді. «Ой, апа, сізді қайтіп мазақ қылайын, жасым
келген сайын аяқтан қалып барам», – деп шынымды айтып ақталдым. Содан апам үйге күніге қоңырау шалатын болды. «Қыз-ау, Қытайдан келген осындай емші бар екен. Осындай дəрі шығыпты, соны іш. Жатпа, аяғыңды қимылдата бер. Далаға шығып серуенде», – деп уайымға салынды да қалды.

Əмина апа қабақ шыту дегенді білмейтін. Өмірінің соңында театрға арбасымен
көтеріп əкеліп, көтеріп əкететін. Сол кезде де мойымай, жастармен қалжыңдасып
отыратын. Гастрольге шыққанда шабаданына қазы-қартасын салып алады. Бөлмесін торуылдап жүретінбіз. Өйткені көмектесуге бізді шақырады. Тура бір тойдың дастарқанындай жайнатып жібереді. Қарнымыз ашқанда Əмина апа еске түседі. «Қалай болса солай жүрмеңдер. Бір жаққа барғанда шаштарыңды сəндеп,
беттеріңді бояп жүріңдер» дейтін.

Ол кісінің Талас деген ұлы болды. Өмірімде ондай жақсы бала көрмеппін. Өзінен
кейін көп кешікпей ол бала да бақиға кетті. Анасына сəби сияқты қарады. Шашын тарап, көтеріп жүретін. Талас режиссер болатын. «Кемпірден қалай құтыламыз?» деген спектаклінде ойнадым. Көрермен көп келетін спектакль болды. Бірақ сол
қойылымды Əмина апам көре алмады. Денсаулығына байланысты үйінен шығуға
мүмкіндігі болмады. Бірақ бір орамалдың шетіне маған анасынан қалған жүзікті түйіп беріп жіберіпті. «Анамның көзі еді. Ананың рөлін жақсы ойнаған, менің Таласымның атын асқақтатқан Лидия қызыма естелік болсын», – депті. Көп адам Əмина апаның мұрнын айтқан екен. Мен үшін ол кісінің көзі ерекше еді. Жанып, жайнап тұратын. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген адам ғой. Бірақ ол
кісінің көзі өмірге құштар болатын. Сол қасиетін үйренуге тырыстық».

Есмұқан Обаев та ұлы Талас ағамыздың анасына қалай қарағанын сүйсіне айтады. Талас аға: «Біздің апам түнімен киноға түсті», – дейді екен анасының күнделікті тіршілігін сұраған жандарға. «Ол қалай?» деп түсінбесе: «Өмір бойы кинода, театрда жүрген кісі емес пе, түнде ұйықтап жатып та: «Камера. Дубль. Ал қане, бастадық» деп қояды. Шамасы түсінде киноға түсетін болуы керек», – деп мəн-жайды түсіндіреді екен. Əмина апа өзімен бірге Өмірзақов деген актерға тұрмысқа шыққан. Екеуі екі ұл, бір қыз сүйген. Алайда Кəмəси ата 1965 жылы өмірден озған. Жолдасы қайтқан соң балаларын жалғыз өзі жетілдірген. Кəмəси ата апамызды қатты жақсы көріпті. Ұлдары Ескендір ата- анасы туралы бүй дейді: «Анам киноға көп түсетін. Бізбен көбіне əкеміз айналысатын.
Базарға да əкем баратын. Əкем анамның карьера жасауына барлық жағдайды жасайтын. Есесіне, анам үйде болғанда дастарқанды жайнатып, мереке қылып жіберетін. Екеуі бірін-бірі сұмдық жақсы көруші еді. Ондай махаббатты тек көзбен
көру керек», – дейді. Бибігүл Төлегенова апамыз: «Əмина Өмірзақованың отбасылық өмірде жолы болды. «Ешқашан гастрольге бара жатқанда шабаданымды жинаған емеспін. Бəрін Кəмəси жинап, қай затты қалай салғанын айтады. Барған кезде ашсам, бүкіл заты айтқанындай орын-орнымен тұрады»,
– дейтін. Жарына солай қолдау көрсете алған азамат қой», – дейді. Қызы Лəйлə апа анасы туралы естелігінде былай депті: «Анам 46 жасында жесір қалды. Əдемі, аты дүрілдеп тұрған актриса. Қайта тұрмыс құруға ұсыныс жасаушылар көп болды. Бірақ анам əкеме адал болды», – дейді.

«Гаухар тас» фильмінде бірге киноға түскен Жанна Қуанышева Əмина апаның өте конақжай, қолының дəмді болғанын айтады.«Əмина ападан көп нəрсені үйрендім. Ол кісі маған тіпті дастарқанды қалай жаюды, бауырсақ пісіруге дейін үйретті. Өзі өте қонақжай еді. Үйінен қонақ арылмайтын», – дейді.

Көзкөргендер Əмина апаның өте сəнқой болғанын айтады. Қанша қиындық көрсе де, сырт көзге еңсесін түсірмей, өзін тік ұстайды екен. Немересі Лейла:
«Біз Төлебаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында тұрдық. Апам Төлебаевтың бойымен серуендегенді жақсы көретін. Екеуміз көшеде келе жатсақ, «Уһ, аяғым, белім, шаршадым» деп мені мықтап ұстап алады. Анадай
жерде серуендеп келе жатқан замандастарын көре қалса, еңсесін тіктеп, аяғын нық басып, саңқылдап сəлемдесіп өте шығады. «Ұзап кетті ме, қарашы» дейді сосын. «Иə» десем, қайта əуеніне басып аһылап-уһілеп шыға келетін», 
– деп күле еске алады.

Əмина апа қазақ киносында ана образдарын сомдаумен ерекшеленді. 1963 жылы А.Карповтың «Ана туралы аңыз» фильмі жарыққа шығады. Онда Əмина апа ұлы соғысқа кеткен ананың рөлін сомдайды. Сол рөлі оны даңққа бөлейді. Ағылшын тіліне аударылып, көптеген елде көрсеткен. Фильмге Əмина апа 44 жасында түскен. Бірақ 44 жастағы адамға ұқсамайды. Тағдырдың тауқыметін тартқан ана бейнесі оны өз жасынан əлдеқайда ересек көрсететін еді. «Ана туралы аңызды» Алматының іргесіндегі Шамалған ауылында түсірген екен. Əмина апаға фильмге түсу үшін арнайы киім тіктіріпті. Ауыл əйелдерінің киіміне қараса, өзінікі олардікінен əлдеқайда сəндірек көрінеді. Сосын өзінікін ауыл əйелінің киіміне ауыстырып алады. Образ жасау үшін нақ сол киім керек еді. Актриса режиссердің нұсқауынсыз-ақ бəрін өзі білген.

Əмина апа өте қарапайым өмір сүрген. «Ана туралы аңыз» фильмінен кейін көптен күткен үш бөлмелі пəтерін алған. Өмірінің соңына дейін сол пəтерде тұрған. Оның соңғы фильмі – «Мама Роза». Қараусыз қалған кемпір, қоғам шеттеткен мулат баланың тағдыры туралы фильм. 1991 жылы түсірілген. Қоғам түсі бөлек баланы бөлектеткенде, Роза апа (Əмина апа) ғана аналық мейірімін төккен. Əмина апа өмірінің соңғы жылдарында аяқтан қалып, қант диабетімен, жүрек ауруымен күрескен. Көзкөргендердің айтуынша, қанша ауырса да, көзі оттай жанып тұрыпты. 2006 жылы 87 жасқа қараған шағында өмірден өтті. «Кеңсай» мазарындағы күйеуінің жанына жерлеуді аманаттапты. Солай 41 жылдан кейін
қайта «табысыпты».

Бірақ мен секілді көп көрермен үшін Əмина апа тірі. Оның рөлдері өлмейді. Оның бейнесі – ананың бейнесі боп мəңгі жасайды.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №13
26 наурыз 2019 жыл

Ақпарат көзі: http://zhasorken.kz/?p=28917&fbclid=IwAR1DC0ktqXkzkRlQqeJKAAOIi_Ni9BBq_-oxGP9zlp8lwyx9IZ2ZbZzQ-Vg

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Айгүл Иманбаеваның бағын ашқан театр мерейтойын студенттермен бірге тойлады. Толығырақ 20:15-те #Headliner бағдарламасынан көріңіздер! #ТВ #Алматы #ХитТВ #HITTV

admin

«АЛТЫН МҮЙІЗДІ КИІКТІ» КӨРДІҢ БЕ?

admin

Мүсірепов театрында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өтті

admin