Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

МҰҢҒА ТОЛЫ ДҮНИЕ

Ғабит Мүсі­репов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры­­­­ның репертуары жазушы-драматург Нұрғали Ораздың «Аққу­лар ұйықтағанда» пьесасымен то­лықты. Драмалық қойылымның режис­­сері – Ержан Қауланов, су­рет­шісі – Нұржан Сәменов. Басты рөлде – Нұржамал Әбіл­қияс­қызы, Мерей Әжі­беков, Жомарт Зейінәбіл ойнайды.

Пьеса авторы халықаралық Алаш және Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы Нұрғали Ораз қоғамдағы өзекті мәселелерді алма-кезек көтере отырып, өз шығармасының өзегі ретінде қандай алмағайып заман болмасын, қазақ деген халықтың ұлт ретінде сақталып қалу идеясын негіз етіп алған. Ұлт тағдыры мен мемлекет мүддесі жеке бастың қамынан әрдайым биік тұру керектігін айтып, ұрпақ жалғастығын, отбасы тәрбиесін жоғары қояды. Ел келешегі – жас­­тардың бойына қазақы мен­талитетке тән бауырмалдық, адам­гершілік, жауапкершілік сияқты ізгі қасиеттерді сіңіруді мақсат етіпті. Екі ғасырда өмірге келген әке мен бала арасындағы қарама-қайшылықты ашып көр­сетіп, бір-бірінен алшақтап бара жатқан буынды жақындасты­ру­-ды көздейді. Қарт кісінің «Біз өлмейтін ұлтпыз!» деген түйін сөзі арқылы ұрпақтар сабақ­тас­тығының үзілуіне, ұлттық бол­мысымыздың жойылуына қар­сылық білдіреді.
Театрдың көркемдік жетекші-­сі Еркін Жуасбек пьесаның екі жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігі өткізген драматур­гиялық шығармалар байқауында «Дөңгеленген дүние» деген атпен жүлделі орын алғанын айтады.
– Мұқағали Мақатаевтың ғұ­мырлы поэзиясы, сыршыл өлең­дері әрбір оқырманның жанына, жүрегіне жақын. Сезімін байы­тып, парасатын кемелдендіріп, рухын өсіретін дүниелер. Сон­дық­тан қойылымның бастан-аяқ өтетін оқиғасында жанама күш ретінде орын алды. Дегенмен, көп­шілік спектакльдің көрер­менге ұсынылған «Аққулар ұйық­тағанда» деген соңғы ата­уына қарай сәл шатасып жатуы мүм­-кін. Режиссер автормен келісе отырып, осылай өзгертуді дұрыс көрді, біз қарсылық та­нытқан жоқпыз. Өйткені бұл спектакль­дің демі де, үні де, айтар ойы да бөлек. Көтерілетін мәселелер қан­шалықты көкейкесті бол­ға­нымен, екі жастың бір-біріне деген қимастығы, тығырықтан шығар жол іздеуі, қарияның кө­мекке келуі үлкен ізеттілікпен, аса мәдениеттілікпен жазылған және сахнаға да сондай әдіспен шығарылған деп есептеймін. Бү­гінгі жастардың басындағы бас­панасыздық, жұмыссыздық, не­ке­сіз сәби сүю мәселесі қоғамда бар дүниелер. Оқиғаларды сах­наға шығару барысында поэма­-ны қолдана отырып, екі туынды арасынан үндестік табуды мақсат еттік. Қойылым сол бағытын сақ­тап, жұртшылық назарына ұсы­нылды. Көрерменнің түсінуі, қа­был­дауы жаман емес, бір деммен көріп шығуы пьесаның өз мис­сиясын ақтағанын меңзейді, – дейді Еркін Жуасбек.
Рөлдерді бекіту мәселесіне тоқталсақ, бұл процесс ре­жис­сердің ұсынысымен, көркемдік жетекшінің бекітуімен іске асып­ты. Аяғы ауыр болып қалған қыз­дың бейнесін тәжірибелі актриса емес, көрерменге жақын шығуы үшін шын мәнінде жас қыздың сомдағанын дұрыс көрген. Сон­дықтан екі құрамда да бұл міндет театрға жаңадан келген жас ару­ларға жүктелген. Спектакльдің үнімен үндесетін кейіпкер – қарт кісіні Жомарт Зейінәбілов сом­дап, шебер алып шыққанын да айта кеткеніміз жөн.
Режиссер Ержан Қауланов «Мұқағали Мақатаевтың поэ­ма­сында анасы ауруға шалдыққан баласын құтқару үшін тәуіп шал­дың кеңесімен аққуға қару ке­зе­неді. Қойылымда керісінше өзі күнін әзер көріп жүрген шарасыз әке баладан құтылудың жолын іздейді. Құрсағындағы баланы алдырып тастауға қия алмай қыз қиналған әрбір сәтінде ақын рухы­мен сырласып, өлең жол­дары арқылы тура бағыт табуға тырысады. Ақынның қызы Май­гүлден айрылған қайғы-қасіретін жанама жеткізе отырып, ой са­лу­-ға тырыстық» дейді.
Режиссер көп жағдайда сахна арқылы ақынның азап көрген, уайым шеккен бейнесінің наси­хатталатынына көңілі тол­май­ты­нын да жеткізді. Өз ізденісінде ке­рісінше тау ұлын қамқоршыл, ақылман абызға айналдырып, тұлғалық қасиетін жаңа қыры­ны­нан танытуды көздеген.
«Аққулар ұйықтағанда» поэ­масына жастардың назарын аударуды мақсат тұтқанын да жа­сырмады. Шығарманы жаңар­тып, оқырман қызығушылығын арттыруға ұмтылған. «Ақынның үстіне костюм кигізіп, сахнада әрлі-берлі жүргізіп немесе ак­терларға өлеңдерін оқытып, поэ­зия кешін ұйымдастыру ойы­мызда болған жоқ. Жылда қай­таланатын қалыптан шығуға талпыныс жасадық. Сонымен қа­тар жастарға әрдайым кеңесші болатын, жол көрсететін аға буын­ның, айналамызда жақсы кісілердің бар екенін білдірткіміз келді» дейді ол.
Спектакльді тамашалаған тү­рік ақыны, халықаралық «Жам­был» сыйлығының иегері Атаман Калебозанның пікірі де жазу­шы­ның идеясы көздеген нысанаға дөп тигенін аңғартты.
– Қазақ тілін жақсы біл­мей­тіндіктен, бастапқыда спек­такль­ді қалай түсінеді екенмін деп уайымдағаным рас. Жазушы Мәлік Отарбаев қасымда оты­-­рып, оқиға желісін түгелдей ауда­рып беруге тырысты. Тәржіма ар­қылы жеткен оқиға жанымды бірден баурап алды. Бұл мен үшін көптен бері сахнадан көрсем деп күткен идея еді. Нұрғали Ораз өз шығармасы арқылы қоғамның жағ­дайын суреттеп көрсетті және көрерменнің жан-дүниесін оя­тып, тебіренте алды. «Аққулар ұйық­тағанда» пьесасында ма­хаб­бат, мұң, үмітсіздік, жасық­тық, өкініш, арман сияқты қа­сиет­терді молынан қамтыған. Қоғам мен адамды, айналадағы орын алған келеңсіз жағдай­лар­-ды сынайды. Автор қай кезде қа­те­лесетін­ді­гімізді және сол қа­те­лікті мойын­дай бермейтінімізді «бетімізге» басады. Жүрек қа­лауы­мыздың менменшіл екен­дігін, махаб­батымызға ойлан­бастан зиян келтіретінімізді, күй­бең тірші­ліктің бізді қанша­лық­-ты соқыр және саңырау ететінін жайып салады. Адам баласының бір сәтте дүниеге қызығып жолдан таятын әлсіздігін әшкерелейді. Бізге жақын деген адамдардың жат екендігін, жастар мен қарт­тардың арасындағы қатынастың едәуір алшақтап кеткендігін, мың­ның ішінде жүріп жалғызсырай­тын­дарды көз алдымызға әкелді.


Драматург сценарий желісін­-де әлі дүниеге келмеген және тағ­дыры талқыға салынған сәби ар­қылы қоғамдағы алдыңғы буын мен жас буын арасында психо­логиялық диалог өрбітеді. Мұн­да­ғы сәби – болашақ ұрпақ, басты құндылық.
Автор кәсіби шеберлігі мен сыншыл көзқарасы арқылы та­маша туындыны өмірге әкеліп отыр. Өзім білмейтін тілде қо­йыл­ған спектакльдің осын­ша­лық­ты әсерлі болатындығын ойламап едім. Әуелі, сапы­ры­лысқан дүние болып көрінген сах­на хикаяты жалғаса келе, мені өзіне тартып әкеткенін, өз-өзімді сол оқиғаның кейіпкеріндей се­зіне бастағанымды аяқталғанда бір-ақ ұқтым. Осыған ұқсас сах­налық хикаяттардың Түркия театр­ларында да қойылғанды­-ғын айта кету керек. Мәселен, «Жібек құрт» атты қойылымда жа­зушы Адалет Ағаоғлу жалғыз­басты үш әйелдің қоғамдық өмірден шет қалып, өз-өздерін қалайша тығырыққа тірегенді­-
гін сатира арқылы көрсеткен-ді. Сол сияқты драматург Өзен Юлан қоғамның қат-қабатында қалыптасқан адамдардың жеңіл жолға қалайша еттері үйрене бас­тағандығын баяндайтын спек­такльмен де байланыстың бар екендігін көрдім. Оқиға қай жер­де өтсе де ортақ құндылықты қоз­ғап отыр. Өйткені адамның тағ­дыры бір. Түркия мен Қазақ­стандағы қоғамдық мәселе бір-біріне ұқсайтынын түсіндім. Жазу­шылар соны жүрегімен сезі­не білген. Сахналық декорация, режиссерлық ізденіс те өте сәтті шыққан. Актерлердің шебер­лігі – өз алдына бөлек әңгіме. Кәсі­биліктері арқасында спек­такльді өмірдің шындығына ай­нал­дыра алды. Сол шындықты актерлердің таланттары арқылы сезіндік. Мұндай дүние үлкен және білікті ұжымнан ғана туады, – дейді Атаман ханым.
– Бұл – өткен шақты көксеу емес, сол кезеңдегі қызықты, қа­рапайым өмірді, бір-біріне адал, шыншыл, бауырмал адамдарды сағынған­нан туған дүние.
Сол аңсарды Мұқа­ға­ли­дың өлең­дерінен табасыз және кейінгі буынға поэзияның тілімен жет­кізе аласыз. Өйткені ақын сол шуақты күндердің куәсі болды, саябақтың хауызында жүзген аққулармен сырлас еді, қызыл­-ды-жасылды дүниенің, шынайы шаттық пен мөлдір сезімнің жыршысы еді. Тіпті махаббат­тың символына айналған аққулар­-дың өзі сағыныштан жаралған­-дай көрінеді. Ақынның өлең­дерінен, спектакльдің желісінен сезіледі. Бір сәт ойланып кө­рейікші, сол жайма-шуақ кезең, қыздың сыңғырлаған күлкісі, баланың бейуаз қуанышы қайда? Аққулар бүгінде қайда ұшып кет­ті, әлде мәңгілікке ұйықтап кетті ме екен? Күйбең тіршіліктің же­те­гіне кетіп, өмірді тек табыспен, қалтамен ғана өлшейтін адам баласы Құдайын тапқанда, неге сол «Құдайсыз кезеңнің» жақсы қасиетінен айырылды? Не се­беп­тен дүниеге әлі келмеген сәбидің тағдырына қол сұғып, болаша­ғы­на зиян келтіруден қаймық­пай­ды? Аққулармен бірге оның жауап­кершілік, сүйіспеншілік се­зімі, сыйластық пен бауыр­мал­дығы да ұйықтап кеткен бе? Ал адамдық, аналық, әкелік қасиет ше? Аққулар жүзген сол сая­бақ­тағы, қазіргі қала мен ауыл тір­шілігіндегі өмірге зер салып көр­діңіз бе? Қыстың ызғарында қал­тыраған ағаштың, сары күзде жа­пырақтың көлеңкесінде жау­ра­-ған жандардың хал-күйіне мән береміз бе? Жылаған баланың зарлы дауысына, кемсеңдеген кәрінің өзекті өртер өкінішіне құлақ түрдік пе?
Спектакльді түсініп көрген әрбір көрерменнің осындай сан алуан сезімді бастан кешіреріне күмәнім жоқ. Өйткені түркі әлемі­не танымал драматург, жазу­шы Нұрғали Ораздың кәсіби шеберлігі мен театр ұжымының, режиссердің, суретшінің ізденісі өзара үйлесім тауып, пьеса идея­сын толығымен жеткізе алған, – дейді Мәлік Отарбаев.
Көрермен ретінде пікірімен бөліскен Әбді-Сабыр Өмешов «Спектакль қазіргі заманды су­рет­тейді. Сахнадан өмірдің шын­дығын көре алдым. Өз басым, дәрігер ретінде демографиялық өсімге қатты алаңдаулымын. Пьесада түсік жасату мәселесіне та­биғаттың өзі қарсылық таны­­тады. Бұл көрініс күннің күркі­-реуі ар­қылы жеткізілген. Қойы­лымнан кейін батысқа еліктеп, бір әулеттің тамырына балта ша­батын жастар ойланады деген үміттемін» дейді.

Түйін:
Премьера соңынан жазушы Нұрғали Ораз жиналған жұрт­шылыққа алғыс білдіріп, сахна төріне Түркиядан арнайы келген мәртебелі меймандарды шақыр­ды. Жазушы Якуп Өмероғлу төраға­­-лық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығының өкілі Хусейін Калебозан мен ақын Атаман Калебозан түркі әдебиеті мен мә­дениетке қосқан үлесі үшін пьеса авторы Нұрғали Оразға, театр ди­ректоры Сәбит Әбдіхалыққа, көр­кемдік жетекші Еркін Жуас­бекке, режиссер Ержан Қаула­новқа алғыс плакеткасын тап­сырды.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2018/02/24/44086.html

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

В Государственном академическом театре для детей и юношества им. Мусрепова скоро состоится премьера спектакля молодого драматурга Олжаса ЖАНАЙДАРОВА «Душа подушки»

admin

https://egemen.kz/article/180487-aktrisanynh-analar-galereyasy

admin

Ключик к сердцу зрителя

admin