14-19 наурыз аралығында Халықаралық театр күні мен Ғ.Мүсіреповтің 115 жылдығына арналған «Алтын сақа» атты жаңа қойылымдар фестивалі өтті. Дода барысында театр репертуарындағы өткен жылдың наурызы мен биылғы көктем айына дейін сахналанған балалар спектакльдері және кешкі қойылымдар сайысқа түсті. Ұйымдастырушы – Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.
Былтыр театрдың 70 жылдығы қарсаңында алғаш рет ұйымдастырылған айтулы шара биыл да жалғасын тапты. Өзгешелігі – Мешін жылында балаларға арналған қойылымдар ғана сайысқа түскен болса, биыл бұл бәйгеде кешкі қойылымдар да бақ сынап, шараның ауқымы кеңіді. Додаға өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбек, елімізге Еңбек сіңірген қайраткер Сатыбалды Нарымбетов, өнертану ғылымдарының магистрі Сәуле Әбединова және театр директоры Сәбит Әбдіқалықов төрелік етті. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев. Сонымен, «Үздік сәттік бейне» номинациясы Жақсыбек Құрманбеков пен Қуаныш Тұрдалинге бұйырса, «Үздік қосалқы кейіпкер» – Сағызбай Қарабалин, Гүлжамал Қазақбаева, «Үздік негізгі бейне» – Мақсат Сабитов, Жанар Мақашева және «Үздік кейіпкер» аталымы бойынша Мерей Әжібеков, Тынышкүл Сұлтанбердиева марапатталды. Жылдың үздік актері ретінде Руслан Ахметов танылса, «Жыл актрисасы» жүлдесін Динара Абдуллина жеңіп алды.
– Бір жағынан мұндай айтулы шаралар мерекелік көңіл күй сыйлайтыны анық. Көрермен сүйікті актерлері, қойылымдарымен қауышады. Кез келген фестивальге үлкен кәсіби міндет жүктеледі. Әріптестерімнің жұмысын сырттай бақылап, талқыға салып, талдап, пікір алмасу өте қызықты жұмыс. Әдетте, бұған дейін аса қызық бола қоймаған бір пьеса жас режиссердің сахналауында терең ой қозғап, көрерменге керемет ойлы астарымен берілуі мүмкін. Мен үшін қазіргі өнердегі жас буынды бақылау аса қызықты. Мұндай фестивальдер тың бастамалардың бастауы болып жататыны жасырын емес, – дейді профессор Есмұхан Обаев.
Жалпы, фестивальге арналған бес күнде тоғыз қойылым сахналанса, оның үшеуі балаларға арналды. Жарыстың шымылдығын режиссер Ерлан Кәрібаевтың «Ол» моноспектаклі ашты. Бұдан бөлек, балаларға арналып Жәнібек Әлікеннің әсерлі ертегісінің негізінде сахналанған режиссер Ержан Қаулановтың «Сиқырлы терезесі» қойылды. Жасөспірімдерге Олжас Жанайдаровтың пьесасының желісімен жазылған «Жастық туралы» қойылымы сахналанды. Режиссері – Сұлтан Срайыл. Ресей жазушысының атышулы пьесасы тұңғыш рет қазақшаланып отыр. Драматург Сұлтанәлі Балғабаев пьесаның ана тілімізде сөйлеуіне атсалысқан.
Сонымен қатар «Ай мен Күн», «Жаңа жылдық оқиға», «Телғара», «Махаббат хаттары», «Бір сен үшін тудым» және «Супер серкеш» сынды қойылымдар көрерменмен қайта қауышты.
Фестиваль турасында Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек: «27 наурыз – Халықаралық театр күні. Осы айтулы мереке қарсаңында еліміздегі белгілі театрлардың түгелі дерлік түрлі шаралар өткізіп жатады. «Алтын сақа» фестивалі біздің театрдың атынан ұсынылған тарту десек болады. Биылғы додада актерлік шеберлікке аса мән беріліп, актерлік өнерге көп көңіл бөлдік. Жарысқа қазылық еткен сарапшылар балалар мен жалпы сахналық қойылымдарда актердің шебер ойнай алуына баға берді. Балаларға арналған қойылымдардың кейіпкерлерді жасаудың өзіндік мәселелері бар. Сахналық образ деңгейіне көтеру – жалпы қазақ театрының мәселесі. Сондай түйткілді мәселелер біздің театрда қалай шешіліп жатқанын көру, шешу жолдарын іздеу мен бүгінгі деңгейімізді сараптау – негізгі міндет етіп алынды», деп атап өтті.
Асыл ТҰМАР
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/03/28/8116.html