Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Сахнада – «Райымбек, Райымбек!»

Сахнада – «Райымбек,  Райымбек!»

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры 70 маусымын ашты. Театр ұжымы көрерменге ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» дастанына қойылған тарихи-поэтикалық қойылымының премьерасын ұсынды.

Мерейтойлық маусымның алғашқы премьерасы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қойылған. Қойылым режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Маханов. Спектакль аңызға айналған Райымбек батырдың балалық шағын, жасынан атқа қонып, еліне қорған болған ерлігін, өз есімін ұрандап жауына атой салған өрлігін баяндайды. Алмағайып заманда қазақтың бағына туған қас батыр – бас сауғалап, бұқпантайлап күн кешуге көндіккен елді бұғаудан босап, бостандыққа жетуге шақырады. Алайда бұғанасы қатпаған Райымбектің өз есімін өзі ұрандап атойлағанына «ел ағалары» жол бермеуге тырсады. Батыр бала Әлмерек бидің әділ де қатал сынан сүрінбей өтіп, елін жауға қарсы тұруға бастайды. «Бала Райымбектің батыр екенін, үлкен азамат болатынын алғаш байқаған – Әлмерек ақсақал. Кейін батырды ауыр сынға салады, сыннан сүрінбей өткеннен кейін Райымбек жұрт алқауына бөленіп, атқа мініп, қолына қару алып, Хангелді батырдың  сауытын киіп жорыққа шығады», – дейді Әлмерек бидің рөлін сомдаған  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейтмамыт.

DSC_0048

Қырғыннан қабырғасы қираған елдің еңсесін көтерген, үмітін оятқан бала батыр Райымбектің рөлін спектакльде екі актер сахналады. Батырдың бала кезін 14 жастағы Мұхаметжан Байзақов, ұран салып ұрысқа түскен өрен шағын көрерменге «Жау жүрек мың бала» фильмі арқылы таныла бастаған актер Асылхан Төлепов ойнады. Жасөспірімдерге лайықтап қойылғандықтан болар спектакльдің бойынан ақын М.Мақтаевтың жырмен төгілген өлең сөзінен жас көрермен шабыттанып, қанаттанып отырды. Жекпе-жек шайқас, жалаң қылышпен жау шебіне ойран салып аңызға айналған Райымбек батырдың ұрыстары, жастарға жігер беретін шайқастарын спектакльден көре алмадық. Әрине, бұдан қойылым режиссерінің батырды айлакер, парасатты тұлға ретінде ашуға баса мән бергенін байқауға болады. Дегенмен жас көрермен Райымбектің жекпе-жектерін, жауына сойыл сілтеп, найза түйреген ерліктерін күткенін аңғару қиын емес.

Райымбек батыр рөлі театрға жаңа келген Асылхан Төлеповке берілді. Бұл актердің бағы дейік. Бірақ сахнада шыңдалып, төселу үшін Төлеповке біраз уақыт қажет екені біз айтпасақ та көзі қарақты көрерменге түсінікті болар.  «Бұл – менің театрға келе сала алған бірінші үлкен рөлім. Кино мен театр екеуі екі бөлек ұғым. Сахнадан көрермен Райымбектей батырды жақыннан, шынайы адамның сомдауынан көргісі келеді», – дейді актер Асылхан Төлепов. Жас актердің сахнадағы алғашқы рөлі болса да тарихи-поэтикалық спектакльдегі өлең сөзді оқуға ұтқыр, дауысы анық, сахнадағы жүріс-тұрысы ширақ екенін атап көрсетуге болады. Асылханның бұл қасиеттері 70 жылдық тарихы бар театр сахнасынан өз рөлін, өз биігін табуына көмектеседі деген үміттеміз.

DSC_0106

Екі санаттағы көрерменге бірдей қойылым дайындайтын театр ұжымы балаларға да әдемі базарлық жасады. «Райымбек, Райымбек» премьерасынан бұрын балақайлар «Алтын мүйізді киік» ертегісін тамашалады. Сондай-ақ театр ұжымы Алматының айлы кештерін кезіп, қала қыдыратын жастар үшін жаңа жобаны қолға алмақ. «Бір пьесаға тапсырыс беріп, жаздырып жатырмыз. Кешке қыдыруға шыққан, түнгі қаланы жақсы көретін жастарымыз театрға келіп, «Түнгі қала» деген спектакль көрсе деген мақсатта жұмыс жасамақпыз», – дейді театр директоры Сәбит Әбдіхалықов. Ал театрдың 70 жылдық мерейтойына арнап ұжым Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклін қоюды жоспарлап отыр.

Жәнібек ҒАЛЫМ

Ақпарат көзі: http://turkystan.kz/madeniet/7401

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Н.И.Сац негізін қалаған театр қазір қайда?

admin

ЕРКІН ӘБДІРЕШОВ: ТЕАТРДЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМДАРМЕН АШЫЛАДЫ

admin

Достар! Биз ашылдык!! Ардайым сиздерге есигимиз ашык!!!! Мекен-жайы: Алматы к. мкр.Таугул-3 аныктама тел: 8(727) 385 84 93, 8702 461 88 61, 8707 561 71 71. @ai_studio.kz

admin