Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
БАҚ жаңалықтары Мекеме жаңалықтары

Таланттар тоғысқан театр

Ақтөбеге гастрольдік сапармен келген Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының алғашқы күнгі  қойылымдарын көрермендер жылы қабылдады.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының 70 жылдығына орайластырылған гастрольдік сапарға келген театр өнерінің белгілі тұлғаларымен баспасөз коференциясы өтті. Оған «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театр директоры Сәбит Әбдіхалықов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сағат Жылкелдиев, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рахман Омаров, актриса Гүлбаһрам Байбосынова, өзіміздің жерлесіміз, Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, театр артисі Асылхан Төлеповтер қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Театр директоры Сәбит Әбдіхалықов 70 жылдық тарихы бар Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың өткені мен бүгіні туралы айта келіп, гастрольдік сапардың жоспарымен таныстырды.

Театр мен кинодағы рөлдері арқылы халық жақсы танитын Рахман Омаров:

— Біз үшін гастрольдік сапарларға шығып, ел жақтағы халықпен жүздесу бір ғанибет, өнер адамы шабыт алып, қайта түлегендей әсер алады. Теледидардан, кинодан көру басқа, көрерменмен жүзбе-жүз кездесудің жөні бөлек,— деді.

Көрермендер  Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы жақсы танитын Асылхан Төлепов:

— Ахтанов театрында көрсетілетін спектакльдерде менің рөлдерім болмаса да, өзім қызмет істейтін театр Ақтөбеге бара жатқаннан кейін, әріптестеріммен бірге  мен де туған жеріме барып, ел-жұртыммен қауышып қайтайын деп келдім, — дейді.

Баспасөз конференциясынан кейін  балғын көрермендер назарына алматылық театрдың  «Ер көжек» (авторы — Ө.Боранбаев, режиссері И.Әбілмәжінов) музыкалық ертегісі ұсынылды.

Кешкілік Ахтанов театрында Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театры гастролінің салтанатты ашылуы болды. Сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Лидия Кәденова, театр директоры Сәбит Әбдіхалықов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Күлжәмилә (Клара) Белжанова, Сәкен Рақышев және Асылхан Төлепов, Жанар Мақашовалар  шыққанда, көрермендер дүркірете қол соқты.  Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл құттықтау сөз сөйледі.  Қазақ театр өнерінің  небір марғасқалары еңбек еткен киелі шаңырақта таланттар шоғыры қызмет жасайды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, майталман театр режиссері Жанат Хаджиев қойған Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» трагедиясы көрсетілді.

Халық білетін «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» лиро-эпостық жырының негізінде жазылған трагедияның Ж.Хаджиев ұсынған нұсқасы өзгеше. Классикалық дүниеге басқа қырынан келген. Сахна декорациясы, шешімдері өте сәтті шыққан, режиссер мен суретшінің кәсіби шеберлігін байқатады. Артық-ауыс ештеңе жоқ,   мал қамайтын қоршауы, ат дорбалары, спектакль соңында олардың  Қозы мен Баянның бейітіне айналуы таң қалдырады.

Малы десе бауыр еті баласын да, құдай қосқан қосағын да көзі көрмей кететін Қарабайдың қатігездігі, тас сараңдығы,  көрермендердің күлкісіне ұшырап отырады. Қарабайды сомдаған Сағат Жылкелдиев пен екіжүзді аяр Жантық рөліндегі Рахман Омаровты сахнада бір көргеннен тану қиын, олар өздерінің кейіпкерлеріне айналып кеткен. Құдды Қарабай мен Жантық ортамызда тірі жүрген сияқты. Баян мен Қозының махаббаты да, олардың арасын ажырату үшін  Қодар сияқтыларды арандататын Жантықтар да бар. Расында тап осындай жағдай біздің заманда да күнде кездесіп жатқан жоқ па? Кедей-кепшікке қызын бергісі  келмей, айласын асырып жүрген байшыкештер бүгін де кездеседі. Оқиға бағзы бір заманда емес, өз ортамызда өтіп жатқандай.

Қозы мен Баяндай бір-біріне ынтық  қыз бен жігіт кейпінде көрінген  Эльдар Отарбаев пен Динара Абдуллинаның, Қодарды ойнаған Бейбіт Камарановтардың актерлік шеберліктері тәнті етті. Әсіресе, Эльмираның қыз балаға тән нәзіктігі, еркелігі, шапшаңдығы сүйсінтті.  Ересек актерлердің де, жастардың да сахнадағы қимыл-қозғалысы болсын, Қозы мен Қодардың шайқасы болсын иланымды. Актерлердің сөздері  анық, көрерменінің құлағына жетеді.

Спектакльді көріп отырғанда, «Қазір ешкім кітап оқымайды» дей бергенше, жоғары сынып оқушыларын, жастарды осындай  спектакльдерді көруге шақырса, эпостық жырдың ұзын-ырғасымен қиналмай танысар еді» деген ой келді.

Кәсіби театрдың аты — кәсіби театр. Керемет спектакльді көріп, риза болып қайтып жатқандардың қарасы көп болды.  Осындай театрлардың Ақтөбеге жиі ат басын бұрып тұрғаны керек-ақ.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Ақпарат көзі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=45374

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыда «Жастар тәуелсіз елдің тірегі» атты жиын өтті

admin

Мүсірепов атындағы театр – Бас жүлде иегері

admin

«АЛТЫН САҚА» ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ

admin