Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театрында қазақ әдебиетінің классигі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» атты роман-дилогиясы «Сең» деген атпен сахналанып, көрерменге жол тартты. Романның сахналық нұсқасын жазған әрі сахналаған қоюшы-режиссері – Сырым Асқаров. Қоюшы-суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайртакері Есенгелді Тұяқов.
Жазушының жиырма жылға жуық уақытын сарп еткен туындысы – Арал жағасындағы адам мен табиғаттың трагедиясын тереңнен қозғаған шығарма. Құрылымдық және мазмұндық жағынан күрделі де терең, оқиғасы шашыраңқы, ішкі монологтар мен еске алу сияқты көріністерге құрылған роман-дилогияның идеясын жоғалтпай, жұп-жұмыр етіп екі сағаттық қойылымға айналдыра білу режиссерден үлкен дайындық пен шеберлікті талап етсе керек. Спектакль жайлы сөз қозғамас бұрын Ә.Нұрпейісовтей классик жазушымыздың айтулы туындысын жастығы мен тәжірибесінің аздығына қарамастан үлкен академиялық сахнаға қоюға режиссер С.Асқаровты не итермеледі екен? «Романның сахналық нұсқасын жазуға және қоюға қанша уақыт кетті?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. Режиссер: «Бұл романды сахналауыма біріншіден – марқұм анам Бақыт Жанғалиева түрткі болса, екіншіден – шығарма идеясының тереңдігі қызықтырды. Кейіпкерлері де кесек-кесек. Мұнда ойнайтын дүние бар. Осындай кесек шығармамен жұмыс істеу барысында режиссер ретінде өзім де, спектакльде ойнайтын актерлер де шыңдала түседі. Әбдіжәміл ағамыз романға байланысты «бұл менің заманмен араздасуым» деген еді. Аралдың тартылуы – адамның ар-ұжданының тартылуымен бірдей аллегориялық параллель дүние. Өзімшілдіктің белең алуы, адасып жүрген тағдырлар – тек қазаққа ғана тән емес, жалпы адамзатқа қойылған диагноз сияқты. Алғашқы жазылған сахналық нұсқама қарасам, төрт жылдай уақыт кетіпті. Сахнаға шыққанша бірнеше нұсқасы жазылып, талай өзгеріске түсті. Театрдың көркемдік жетекшісі Е.Жуасбек ағамыз бен анам Б.Жанғалиева пьесаның драматургиялық жағынан көмектессе, театр артистері де дайындық кезінде өздерінің ойларын қосты. Эпикалық дүние болғандықтан, спектакльдің драматургиясы – көппен бірге біткен іс. Ә.Нұрпейісов ағамызға инсценировкасын көрсеттім. Автор ойын алып жүретін Арал шал бейнесін символикалық образ ретінде мәтінге енгізген едім. Осыған байланысты ағамыз «Сахнадағы екі картинаны байланыстырып отыратын символикалық образды жақсы тапқан екенсің» деп ризашылығын білдіріп, рұқсатын берді. Жалпы, спектакльдің дайындығына төрт ай уақыт кетті. Мұндай дүниелерді әбден пісіріп, толықтырып шығармаса, шикі дүние боп шығар еді», – дейді.
Романның жазылу процесі сияқты ұзақ дайындықтан өткен «Сең» спектаклі көрермен тарапынан да жылы қабылданды. Негізгі кейіпкерлер Жәдігер, Бәкизат пен Әзім үшеуінің арасында өрбитін оқиға махаббат пен сатқындыққа құрылғанымен, автор рухани азып-тозған, ауыр тұрмыстан шаршаған, өмірдің сынағынан қажыған кейіпкерлердің тағдыры арқылы Аралдың тағдырын, ұлттың тағдырын қозғайды. Осы тұрғыдан алғанда, режиссер спектакльдің көркемдік деңгейін ұлттың трагедия дәрежесіне дейін көтеріп жеткізе білді. Сахна шымылдығы ашылған сәттен көзге түсетін көпір іспетті қозғалмалы үш сең мен алдыңғы пландағы қуаң тартқан Аралдың орнында қалған символикалық кішкене кеме, төбеде ілінулі тұрған балық аулайтын тор сияқты бірін-бірі толықтырып тұрған сахна безендірілулері спектакльдің эмоциялық әсерін күшейтіп, актерлер де ойындарының табиғилығына үлкен әсерін тигізіп жатты. Аралдың тағдырын өз өмірінен бөліп қарай алмайтын, жарына деген сезімін жүрегінің түбіне сақтап қана қоймай, күресе де алатын, балықшы Жәдігердің бейнесін Руслан Ахметов ойнаса, Аралдың орнына қала салып, үлкен орындардан көрінгісі келетін, сол жолда неден болса да тайынбайтын ғалым Әзімбектің қайраткер болып көрінуге ұмтылуы мен қайта күйреуі, әшкереленуі сияқты мінездік өзгерістерін сомдау актер Данияр Базарқұловқа бұйырып, осындай екі азаматтың ешбірінен баянды бақыт таба алмай, шарқ ұрған, ақырында жарын да, кемтар қызын да тастаған Бәкизаттың екіұдай бейнесін актриса Толқын Нұрбекова керемет сомдап шықты. Жәдігердің адуынды анасының образын актриса – Л.Кәденова, Сары шал – К.Демесінов, Жәдігердің қызы – Д.Нұрболат, Көшен шал – Ж.Құрманбеков ойнаған бейнелердің қай-қайсысы да өздеріне ғана тән мінездерімен, шынайы болмыстарымен ерекшеленіп жатты. Спектакльдің негізгі жүгін, яғни автор ойын арқалап жүрген, режиссердің ойлап тапқан Арал шал бейнесі Еділ Рамазановтың бейнелеуінде қойылымның көркемдік деңгейін биіктетіп, үш негізгі кейіпкердің тағдыры мен Арал трагедиясына философиялық биіктіктен қарап, ой түйгізетін абыз шалға айналып жүре берді. Қоюшы-суретші Е.Тұяқовтың ойлап тапқан кішкентай кемесі де символикалық деталь ретінде Арал шалдың бейнесімен бірдей спектакльдің жүгін арқалап, көз алдыңа сусыз жетімнің күйін кешкен, қаңсыған ойпат пен кеменің аянышты күйін елестете түседі. Табиғат пен адам жанының экологиялық апат алдында тұрған қорқынышты бейнесін түрлі көркемдік детальдар мен актер ойындары, түрлі режиссерлік шешімдер арқылы жеткізе белген қойылымның куәгері жазушы, драматург Дулат Исабеков спектакль соңында алған әсерімен сахнаға шығып бөлісті: «Романның аты «Соңғы парыз» болғаннан кейін менің де осы спектакльді көруім парыз болды. Себебі, бұл романның түпнұсқадағы алғашқы оқырманымын. Бір емес бірнеше рет оқыған романым. Мұндай романды оқудың өзі қиын. «Романның жиырма бетіне шейін әрең оқыдым. Ары қарай оқи алмадым. Оған тұздық араластырыңыз. Әйел керек. Махаббат керек» деген пікірімді Әбекеңе жазып бергенімде «Маған ең құнды пікір айтқан сен ғана болдың. Қалғандарының бәрі жалаң мақтай берді. Сен орынды пікір айтыпсың» деген еді. Мұндай романды оқу үшін адамға үлкен шыдам және жаңа бір термин керек. Ол терминнің аты – «искусство медленнего чтения». Жалпы, романның бүкіл сюжеті сеңнің үстінде өтеді. Япыр-ай, үш адам. Жәдігер, Әзім, Бәкизат. Үшеуінің монологтары өте ұзын. Еске алумен өте береді, өте береді. «Мұны сахнаға қалай шығарды екен?» деп уайымдап едім. Бүгін қаупім сейілді. Сырым – жас режиссер. Мынандай өте күрделі, оқып түсінудің өзі қиын романды сахнаға шығара білу және ішіндегі оқиғалардың бәрін іріктеп алып, сахналық әдебиет жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ мұндай дүниені жасау режиссердің қолынан келіпті. Міне, бізге осындай дүниелер керек. Ұлттық трагедия, ұлттық проблема. Барлық кейіпкерлер, әсіресе, Бәкизаттың образы романда қай жағына шығарын білмей, анда-мұнда қақпақыл болатыны, халықтың трагедиясы және мұздың үстіндегі махаббат – осылардың бәрін бір жүйеге түсіре біліпті, бір ұстынның бойына байлай отырып, өзекті оқиға етіп тағдырды алыпты. Кеме кішкентай етіп алынса да символикалық мәні зор. Міне, сол кемені Арал шал тартып бара жатыр. Енді ұлттың ертеңі не болады? Романды оқып отырғанда Әзімді де қолдайсың. Өйткені бәрібір Арал теңізі құриды. Арал теңізін сақтаймыз деп Сырдария мен Амударияның бойында адамдар егін екпей отыруы керек пе? Осы орайда айтылған «Атамекен адамға азық болмайды» деген жақсы сөз бар екен.
Спектакльден артық-кем ештеңе таба алмадым. Қазір мұндай дүниелерді сирек көреміз. Жәдігер, Әзім, Бәкизат үшеуінің де бейнесін ойнаған актерлердің рөліне риза болдым. Бәкизаттың өзі романда сахнадағыдай көп ашыла қоймаған. Ол образдың тірі адамға айналғанда қатты әсер ететіні көрініп тұрды. Актриса Бәкизат трагедиясын ашып бере білді. Бүгінгі таңда ұлттың трагедиясын қозғайтын осындай спектакльдер керек-ақ. Бұл спектакль – біздің қазақ сахна өнеріндегі соңғы кездегі ең үлкен табыстарының бірі. Өмірі ұзақ болсын дегім келеді» деп, Ә.Нұрпейісов ағамыздың денсаулығына байланысты келе алмаған, көре алмаған спектакліне құтты болсын айтып, театр ұжымының мерейін көтеріп өтті.
Классикалық әдеби көркем шығарманың сахналық нұсқасын жазу мен оны қою ұйқысыз түндерді таңдарға асырып, жаныңды азапқа салдыратын режиссерлік шеберлікті қалыптастыруда үлкен мектеп болатынын ескерсек, ал сол қойған дүниеңнің сәтті шығуы болашағыңа деген сенімінің кілті болмақ.
Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында төрт жылдай бас режиссер қызметін атқарып, Өскемен, Теміртау сияқты қалалардың театрларында да спектакльдер қойып, шығармашылық шыңдалудан өтіп келген жас режиссер Сырым Асқаровтың
Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театрында сахналаған алғашқы табысты қойылымы бүгінгі қазақ сахна өнерінің жетістігіне айнала берсін деген тілек білдіреміз.
Ақмоншақ АХМЕТ
Ақпарат көзі: https://aikyn.kz/2017/11/14/33324.html